Дипломатиялық қызмет туралы заңға енгізілген өзгерістер мақұлданды
АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлданды.
Аталған заң жобасының мақсаты дипломатиялық қызмет персоналы мен олардың отбасы мүшелерін материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау мақсатында әзірленген. Бұл ретте дипломатиялық қызмет ардагерлеріне медициналық қызмет көрсету және оларды зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру шаралары және басқа да әлеуметтік бағыттар қамтылып отыр. Сондай-ақ заң жобасымен дипломатиялық қызмет органдарының қызметін ұйымдастыру бөлігіне оны жақсартуды көздейтін бірқатар түзетулер енгізілген.
Жұмыс тобының отырыстары барысында Үкімет тарапынан заң жобасына қатысты депутаттар ұсынған бірқатар нормаларға қолдау білдірілген. Атап айтқанда, ҚР дипломаттық және қызметтік паспортын пайдалануға, Сыртқы істер министрлігінде және ҚР шетелдегі мекемелерінде қызметке тағайындау және босату құзыретін шектеуге, жоғары дипломаттық дәреже беруге, дипломатиялық қызметтің қызметкерлері немесе жұмыскері шетелде қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда біржолғы жәрдемақы белгілеуге қатысты нормаларға қолдау білдірілді.
Заң жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.