Дипломаттар мен бизнесмендер 2016 жылға арналған біріккен жұмыс жоспарын айқындады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстандағы шет мемлекеттердің елшілері мен отандық ірі кәсіпкерлердің қатысуымен «Дипломатиялық бизнес клубтың» үйлестірушілік кеңесінің екінші отырысы өтті. Жиында Клубтың ережесі мен 2016 жылға арналған дипломаттар мен бизнесмендердің біріккен іс-шаралар жоспары бекітілді.

Дипломаттар мен бизнесмендер 2016 жылға арналған біріккен жұмыс жоспарын айқындады

Клуб жоспарына сай, биылғы наурыз айының соңында дипломатиялық корпус үшін Ақтөбе облысының инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымы өтеді, сондай-ақ шет мемлекеттердің елшілері мен кәсіпкерлері Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарына біріккен сапарларын ұйымдастыру көзделген.

Мұның алдында 2016 жылғы 5 ақпан күні «Дипломатиялық бизнес клубтың» аясында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың Қазақстан республикасында аккредитацияланған дипломатиялық өкілдіктердің басшыларымен кездесуі өткізілді.

Бұл кездесулер мен сапарлардың мақсаты - шетелдік дипломаттарды Қазақстанның аймақтарының инвестициялық әлеуетімен, түрлі экономикалық, өндіріс, әлеуметтік салалардағы инвестициялық жобалармен таныстыру, ҚР нарығына инвесторлардың кіруіне қолдау көрсету, қазақстандық кәсіпкерлерге шетелдік әріптестерді табуға қол ұшын созу, отандық компаниялардың тауарлары мен қызметтерінің шетелдік нарыққа жол тартуына көмек көрсету болып табылады.

Бұған дейін өңірлердің таныстырылымдарын өткізуге және Қазақстанның облыстарына сапарларды ұйымдастыру бойынша елшілердің тарапынан бірнеше ұсыныстар айтылып, «Дипломатиялық бизнес клубтың» сұхбаттық алаңы арқылы мұндай мүмкіндік жүзеге асатын болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның аймақтарының дамуы негізі ретінде отандық және шетелдік кәсіпкерлердің қатысуымен инвестициялық жобалардың жүзеге асуы бірнеше рет айтқан болатын.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында өңдеуші өндіріске стратегиялық инвесторларды тартып, экономиканың басымдық берілген салаларында біріккен кәсіпорындарды құру, Қазақстанның тауарларының әлемдік нарыққа шығару үшін трансұлттық корпорацияларды тарту мақсаттары белгіленген.

Сонымен қатар, күзде «Дипломатиялық бизнес клуб» мүшелері Young Presidents' Organization (YPO) ұйымының ұйымдастыруымен өтетін «К5: Kazakhstan Growth Forum» платформасына белсенді түрде қатысады. Клуб аясында ресми жиындармен қоса, бейресми іс-шаралар да жоспарланған. Елшілер мен бизнесмендер гольфтан «Ambassador's Cup» турниріне, конкур мен салт жүрістен өтетін жарысқа қатысуды жоспарлап отыр. Мұнымен қоса, клуб мүшелері жыл сайынғы «Charity Bazaar» қайырымдылық жәрмеңкесінің өткізілуіне қолдау көрсететін болады.
Айта кетейік, «Дипломатиялық бизнес клуб» - 2015 жылғы 2 шілде күні ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың бастамасымен дипломатиялық корпус пен қазақстандық кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимыл мен қарым-қатынастарды нығайтатын бейресми құрылым ретінде құрылып, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев бастаған бизнес-қауымдастық тарапынан қолдау тапқан еді.