Дипломаттардың отбасы мүшелеріне Швейцарияда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құжат мақұлданды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктер және консулдық мекемелер қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Заң жобасының мақсаты – осы келісімнің күшіне енуі үшін мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу. Бұл құжатты ратификациялау Қазақстанға және Швейцарияға өз дипломатиялық өкілдіктеріндегі, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктеріндегі, сондай-ақ консулдық мекемелеріндегі қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне екі мемлекет аумағында ақылы еңбек қызметін жүзеге асыруына қатысты мәселелерді өзара негізде шешуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Швейцария Қазақстанның Еуропадағы негізгі саяси, сауда-экономикалық серіктестірінің бірі болып отыр», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.
Осы орайда ол келісімді ратификациялау елдер арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға оң әсерін тигізетінін айтты. Құжат аясында өз елдерінің дипломатиялық қызметінде жұмыс істеу үшін шетелге жолданатын Қазақстан мен Швейцарияның дипломатиялық қызметтері персоналының отбасы мүшелеріне қолайлы жағдай жасалмақ.
«Шарт Қазақстанның заңнамасына, еліміз ратификациялаған халықаралық шарттарға, мемлекетіміз мүше болып саналатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне қайшы келмейді», - деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.