«Дипломмен ауылға» бағдарламасына жаңа мамандықтар қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қабылдады.
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мәліметіне қарағанда, бұл құжат жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құқықтық реттеуді жетілдіруге (ұғымдық аппаратты нақтылау; жергілікті қоғамдастықтың жиындары мен жиналыстарын өткізуге байланысты мәселелерді реттеу және т.б.), мәслихаттар қызметінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ мәслихат аппараты басшысын тағайындау және лауазымнан босату тәртібін, оның өкілеттіктерін айқындауға бағытталған.
Сонымен қатар бұл заңда жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтардың қатысу деңгейін арттыру қадамдары қамтылған.
- Бұдан бөлек, суррогат ана мәселелері ескерілген. Суррогат ана қызметтеріне тапсырыс берушілер некедегі ерлі-зайыпты Қазақстан Республикасының азаматтары ғана бола алады, - деді Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров.
Сонымен қатар ел азаматы қатарынан екі реттен артық емес мәслихат төрағасы болып сайлануы туралы шектеу белгіленді.
- «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысатындардың тізбесін кеңейту ескерілген. Бұл ретте архив ісінің және цифрлық технологиялар саласындағы мамандар қосылды, - деді депутат.
Еске салсақ, биыл сәуір айында Парламент Мәжілісі осы құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.