Дивиденд саясаты қайта қаралады – Ерұлан Жамаубаев

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімге шаққанда 25% төмен деңгейде қалыптасқан. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дивиденд саясаты қайта қаралады – Ерұлан Жамаубаев

«Қазіргі кезде Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды реформалау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Олар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының озық тәжірибелері мен стандарттарына сәйкес келеді. Нәтижесінде тиімді, ықшам және ашық квазимемлекеттік сектор қалыптасатын болады. Бұл ретте дивидендтік саясат та қайта қаралады», – деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, квазимемлекеттік сектор субъектілері қаражатының игерілуіне мониторинг жүргізу және олардың есептілігіне қатысты мәселе жаңа Бюджет кодексінде қарастырылатын болады.

Сонымен қатар министр мемлекеттік борышқа қатысты тоқталды.

«Барлық белгіленген борыштық ковенанттар сақталып отыр. Мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімге шаққанда 25% төмен деңгейде қалыптасқан. Қаржылық шектеулерді қатаң сақтау саясаты келешекте де жалғасатын болады. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында. Біз қабылданған міндеттемелердің ашықтығы мен айқындығын арттыру бойынша Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын қолдаймыз. Олар жұмыс барысында ескеріледі», - деді Жамаубаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенаттың жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердегі басшылардың жауапкершілігін енгізу қажет екенін айтты.