Дмитрий Медведевтің «Тобыль кремлі» фототуындысы Петерборда өткен қайырымдылық аукционында 51 миллион рубльге сатылды
САНКТ-ПЕТЕРБОР. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - Санкт-Петерборда қаңтардың 16-сында өткен «Рождестволық әліпби» қайырымдылық аукционында Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің «Тобыл кремлі» фототуындысы 51 миллион рубльге сатылды.
ҚазАқпарат тілшісінің хабарлауынша, Ресей Президентінің жұмысын петерборлық кәсіпкер, Ресей Целлюлоз-қағаз кешенінің иесі Михаил Вингаревич сатып алған.
Ал Петербор губернаторы Валентина Матвиенконың суретші Иван Славинскиймен бірлесіп салған «Мәрмәр көпір» картинасы 13 миллион рубльге сатылды. Оны «Максидом» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Евневич сатып алды.
Аукционнан түскен жалпы табыс 81,5 миллион рубльді құрады. Матвиенко ханым уәде еткендей, Ұлы жеңістің 65 жылдығында бұл қаражаттың қомақты бөлігі ардагерлерге қолдау көрсетуге жұмсалатын болады. Сондай-ақ қаржының бір бөлігі Филатов атындағы Балалар емханасына және «Үміт үйі» сауықтыру орталығына аударылады.