Дмитрий Попко АҚШ-та екінші рет қатарынан ITF жарысының жеңімпазы атанды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 338-ракеткасы Дмитрий Попко АҚШ-тағы Палм-Коуст ITF турнирінің чемпионы болды.

попко
Фото: Instagram парақшасынан

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингіде 649-орында тұрған эквадорлық Андрес Андрадемен чемпиондық атақты сарапқа салды.

Бірінші партияда А.Андраде 4:2 есебімен алға кетті. Дегенмен Д.Попко таразы басын теңестіріп қана қоймай, басымдылық танытты – 7:5.

Екінші сетте Андраде бет қаратпады – 6:1. 

Үшінші, шешуші партияда есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық спортшы тағы бір брейк жасай алды. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 7:5.

Тартысты өткен финалдық матч 2 сағат жарымнан астам уақытқа созылды. 

Осылайша, Дмитрий Попко АҚШ-тың Флорида штатында екінші рет қатарынан ITF жарысының жеңімпазы атанды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемдік рейтингіде рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар