Дмитрий Попко АҚШ-тағы жарыстың 1/8 финалына жолдама алды

 Дмитрий Попко Флорида штатында қатарынан үшінші рет финалға өтті
Фото: Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 234-ракеткасы Дмитрий Попко Саванна (АҚШ) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты. 

Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 462-орында тұрған америкалық, 20 жастағы Бруно Кузухарамен өткізді.

Д.Попко 1 сағат 25 минутқа созылған матчта 6:3, 6:4 есебімен басым түсті. Ол 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Кузухараның еншісінде 2 эйс, 2 брейк (3 брейк-пойнт) бар.

Дмитрий Попко ширек финалға шығу үшін рейтингіде 248-сатыдағы тағы бір америкалық Итан Куиннмен сынға түседі.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 129-орындағы Михаил Кукушкин Мадрид мастерс турнирінің іріктеу сайысында әлемнің 83-ракеткасы, аргентиналық Федерико Кориадан жеңіліс тапты – 2:6, 6:4, 2:6. Бұл тартысты бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Чехиядағы турнирді сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар