Дмитрий Попко екінші рет қатарынан Мексикадағы турнирдің финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 175-ракеткасы Дмитрий Попко Морелос (Мексика) челленджер турнирінің финалына өтті.

Попко
Фото: ҚТФ

Дмитрий Попко жартылай финалда әлемнің 162-інші, жарыстың 2-ракеткасы, канадалық Алексис Галарномен бетпе-бет келді.

А.Галарно бірінші айналымда тағы бір қазақстандық Бейбіт Жұқаевтың жолын кескен еді.

Бұл жолы Д.Попко соның есесін қайтарып, 6:2, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Бір сағат 20 минутқа созылған матчта Попко 6 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын құр жібермеді. Галарно 2 эйспен шектелді.

Дмитрий Попко финалда әлемнің 168-ракеткасы, швейцариялық Марк-Андреа Хюслермен бас жүлдені сарапқа салады.

Осылайша, қазақстандық теннисші Мексикада екінші челленджер турнирінің финалына жолдама алды. Бір апта бұрын ол Морелияда жеңімпаз атанған еді.

Д.Попко қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 158-орынға көтеріліп тұр.

Швейцариялық теннисшіні Морелиядағы турнирде Б.Жұқаев 6:3, 6:7 (2:7), 7:5 есебімен ұтқан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мексикада жарыстың 3-ракеткасын ұтып, жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Григорий Ломакин Үндістандағы жарыста жеңіс тұғырына көтерілді.

 

 

Соңғы жаңалықтар