Дмитрий Попко Мексикадағы жарыстың финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 245-ракеткасы Дмитрий Попко Морелия (Мексика) челленджер турнирінің финалына жолдама алды. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.

Дмитрий Попко Мексикадағы жарыстың финалына шықты
Фото: ҚТФ


Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 204-ракеткасы, франциялық Уго Греньенің мысын басты. Попко қарсыласын 6:2, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.

Бір сағат 28 минутқа созылған бәсекеде Попко 2 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ.

Дмитрий Попко финалда әлемнің 95-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортпен бас жүлдені сарапқа салады.

Дакворт жартылай финалда тағы бір қазақстандық, рейтингіде 215-орындағы Бейбіт Жукаевты 6:2, 6:4 есебімен ұтты.

Айта кетелік қазақстандық теннисші, әлемнің 175-ракеткасы Тимофей Скатов Бухарест (Румыния) ATP 250 турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.

Соңғы жаңалықтар