Дмитрий Попко Сербиядағы теннис турнирінің финалына дейін жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 658-ракеткасы Дмитрий Попко Куршумлия-Баня (Сербия) ITF M15 турнирінің финалында өнер көрсетті.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Дмитрий Попко әуелі рейтингіде 1 374-орындағы франциялық Эдуар Вильосладты жолдан тайдырды — 6:3, 6:4.
Қазақстандық спортшы екінші айналымда рейтингіде 1 355-сатыдағы Беларусь өкілі Александр Згировскиймен ойнады. Есеп 4:6, 7:5, 2:0 болып, Попко жеңіп жатқан кезде қарсыласы матчты жалғастырудан бас тартты.
Дмитрий Попко ширек финалда әлемнің 793-ракеткасы, италиялық Стефано Д’Агостинодан айласын асырды — 6:3, 7:6 (7:4). Содан кейін жартылай финалда әлемнің 937-ракеткасы, корт иесі Кристиян Юхасты жеңді — 7:5, 6:1.
Финалда қазақстандық теннисші әлемнің 597, доданың 1-ракеткасы, тағы бір сербиялық Бранко Джуричке тап келді. Тартысты матч 6:2, 6:7, 6:3 есебімен жергілікті спортшының пайдасына шешілді.
Еске салайық, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында қазақстандық теннисшілердің алғашқы қарсыластары анықталғанын жазған едік.