Дін көшбасшылары келер жылғы съезде қандай мәселені талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі қандай тақырыпқа арналатыны белгілі болды.

Әшімбаев
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІІ отырысында келесі жылы Астана қаласында өтетін VIII съездің негізгі тақырыбы анықталды.

«Келесі жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезін өткізетінімізді естеріңізге салуға рұқсат етіңіздер. Осыған байланысты сол съездің біз пленарлық отырыстың және төрт панельдік сессиясының тақырыбын анықтауымыз керек. Алдағы сегізінші съездің орталық тақырыбы ретінде «Діндер диалогы: Келешек жолындағы синергия» деген атау ұсынылады. Қазіргі заманда халықаралық ұйымдар мен саяси көшбасшылардың бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы міндеттерді әрдайым мүлтіксіз орындап жатпағанын көріп отырмыз. Сондықтан қазір діннің әлеуетін диалогтарға ықпал етіп, мемлекеттер мен халықтар арасында түсіністік орнатуға пайдалану бұрын-соңды болмаған деңгейде өзекті болып отыр», - деді хатшылық басшысы – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол жергілікті дін көшбасшыларының күші жігерін әлемдегі іргелі проблемаларды шешу жолында біріктіру керектігін айтты. 

«Панельдік сессиялардың тақырыптары да ғаламның күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерге арналады. Олардың ішінде адамзатты ұйыстырудағы және әлемді орнықты дамытудағы діннің рөлі, цифрландыру дәуірінде рухани құндылықтарды сақтау, экстремизммен күрес сияқты мәселелер бар», - деді М. Әшімбаев.

Хатшылық мүшелері ұсынылған тақырыптың бәрін қолдап дауыс берді.

Сонымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі 2025 жылдың 17-18 қыркүйегінде өтетін болды. Ал, хатшылықтың отырысы 16 қыркүйекке белгіленді.

Соңғы жаңалықтар