Дінге қатысты дау: Эйфель мұнарасының басшысы қызметінен кетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Париждегі Эйфель мұнарасын басқаратын SETE компаниясының директоры Патрик Бранко Рувио қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұған индуистік діни тобының өкілдері келген кезде әйел қызметкерлерді жұмыс орындарынан кетуге мәжбүрлеуге қатысты дау себеп болды, деп хабарлайды ВВС.
SETE Рувионың компанияны 2018 жылдан бері басқарып келгенін және жыл соңында қызметінен кететінін хабарлады. Ішкі тексеру барысында келушілерге қызмет көрсету кезінде әйелдерді жұмыс орындарынан шеттетуге жол берілгені анықталған. Компания мұндай әрекетті «жол берілмейтін жағдай» деп бағалады.
Оқиға қыркүйектің басында шамамен 100 адамнан тұратын индуистік BAPS діни қозғалысының делегациясы Эйфель мұнарасына барған кезде болған. BAPS өкілдері сапар кезінде әйелдермен байланысты барынша азайтуды сұраған.
Осыдан кейін мұнара қызметкерлері наразылық ретінде ереуілге шығып, нысан уақытша жабылды. Кәсіподақ өкілдері әйел қызметкерлердің өзін қорланғандай сезінгенін айтты.
Франция Ұлттық жиналысының төрайымы Яэль Браун-Пиве әйелдерді шетелдік қонақтардың талабын орындау үшін жұмыс орындарынан кетіруге болмайтынын мәлімдеді. Париж мэрі Эмманюэль Грегуар бұл шешімді «абсурд, әділетсіз және жол берілмейтін» деп атап, екі бөлек тексеру жүргізуді тапсырды.
SETE басқарма төрағасы Ариэль Вейль компанияда гендерлік теңдік бойынша қосымша оқыту бағдарламалары енгізілетінін айтты.
BAPS ұйымы болған жағдайға байланысты кешірім сұрап, «өзара құрмет пен қоғамға қызмет ету сияқты әмбебап құндылықтарды» ұстанатынын мәлімдеді.
BAPS ерлер мен әйелдердің бөлек болуы әйелдердің игілігі үшін қажет деп санайды. Алайда сыншылар қазіргі қоғамда діни дәстүрге байланысты әйелдерді белгілі бір орындардан шеттету кемсітушілікке әкелетінін алға тартады.
Айта кетейік, белгілі имам Нұрлан Байжігітұлы тойда ерлер мен әйелдердің бөлек отыруы діндарлық емес екенін түсіндірді.