Діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 14 мыңнан астам материал жойылды – Аида Балаева

Әлеуметтік желілердегі радикалды діни топтардан 20 мыңнан астам адам алшақтатылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Діни бірлестік құру үшін неше адамның бастамасы керек – Министр жауап берді
Фото: gov.kz

«Министрліктің тағы бір үлкен жауапты бағыты – дін саласы. Бұл бағытта біздің алдымызда үш өзара байланысты міндет бар. Біріншісі – халық арасына зайырлы мемлекет құндылықтарын насихаттау, екіншісі – дінаралық келісімді сақтау, үшіншісі – діни экстремизмді болдырмау. Осыларды іске асыру үшін де өзара үш тығыз бағытта жұмыс істеп келеміз. Бұл – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды райынан қайтару және интернет арқылы діни экстремизм идеологиясына қарсы жұмыстар», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, мәселенің салдарымен емес себебімен күресу керек. Сондықтан да, діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 14 мыңнан астам заңсыз материал жойылып, бұғатталды. Әлеуметтік желілердегі радикалды діни топтардан 20 мыңнан астам адам алшақтатылды.

«Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, конфессияаралық келісімді насихаттау және зайырлылық құндылықтарын нығайтуға бағытталған 75 мыңнан астам материал БАҚ-та, танымал әлеуметтік желілерде орналастырылды. Түптеп келгенде қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, уәкілетті органның алдына қойылған маңызды міндеттерді іске асыру мақсатында, Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Тұжырымдамасының жобасы дайындалды», - деді Аида Балаева.

Соңғы жаңалықтар