Діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін биыл қанша азамат жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті ресми сауалымызға жолдаған жауабында діни қызмет саласындағы құқық бұзушылық фактілері жөнінде мәлімдеді.

Сотталғандардың діни ұстанымы олар бостандыққа шыққанда назардан тыс қалады – ІІМ
Коллаж: Kazinform

Ведомство мәлімдеуінше, діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзу, оның ішінде әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайтадан жасалған әрекеттер үшін жауапкершілік ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде қарастырылған.

Атап айтқанда, 453-бабында («Масс-медиа өнімін, сол сияқты өзге де өнімді ҚР аумағында дайындау, басып шығару, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату»), 489-бабында («ҚР қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу, сондай-ақ ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық, діни бірлестіктердің қызметіне басшылық жасау, қатысу, олардың қызметін қаржыландыру») және 490-бабында («ҚР діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу») айқын көрсетілген.

– 2026 жылы I жартыжылдық қорытындысы бойынша діни қызмет саласында 147 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталған. Оның ішінде ішкі істер органдары және өңірлік Дін істері басқармалары Кодекстің 453-бабы бойынша 47, 489-бабы бойынша 10 және 490-бабын бұзу бойынша 90 фактіні анықтады, – делінген ресми жауапта.

Айта кетейік, бұған дейін діни ақпараттық материалдарды қандай орындарда таратуға рұқсат етілетінін жазғанбыз.