Діни материалдарды таратқан ақмолалыққа айыппұл салынды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысының тұрғынына діни материалдарды заңсыз таратқаны үшін айыппұл салынды. Ер адам өзінің әркетін идеямен бөлісуге және өзі үшін жаңа нәрсе білуге деген ұмтылысымен түсіндірді. Діни материалдарды тарату дерегі полиция қызметкерлері жүргізген мониторинг барысында анықталды.
Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 40 жастағы көкшетаулықтың «Телеграм» мобильдік қосымшасы және «WhatsApp» мессенджері арқылы діни сипаттағы материалдарды таратқанын, сол арқылы Қазақстан Республикасының Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы қолданыстағы заңнамасын бұзғанын анықтады.
Ақмолалықтың заңсыз әрекетін кешенді сот психологиялық-филологиялық және дінтану сараптамалары растады.
Көкшетау қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен ер адам ҚР Әкімшілік құқықбұзшылық 490-бабы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған 129 220 теңге сомасында әкімшілік айыппұл түрінде жаза қолданылды.
Полицейлер қолданыстағы заңнамаға сәйкес діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы материалдар мен діни мақсаттағы заттарды тек белгіленген орындарда таратуға жол берілетінін еске салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақмола облысында алаяқтық жасады деген күдікпен түрме бастығы ұсталғанын жазған едік.