17:44, 15 Қыркүйек 2017 | GMT +5
ДНҚ сараптамасынан «әке» болғандығы анықталған алматылық жігіт алимент төлейтін болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ДНҚ сараптамасынан «әке» болғандығы анықталған алматылық жігіт алимент төлейтін болды. Үкімді Түрксіб аудандық сотының судьясы шығарды.
Қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, келіншек 2010 жылы туған баласының әкесі алимент төлемей қашып жүргендігін айтып шағымданған.
Олар 3 ай азаматтық некеде тұрған. 2010 жылы келіншек босанған. Баланың жасы қазір 7-де. Осы уақыт аралығында ер адам баласына мүлде көмек көрсетпеген. Тіпті өзінің баланың әкесі екендігін мойындамаған.
Мұны ескерген сот ДНҚ сараптамасын тағайындауға шешім шығарды.
Сараптама қорытындысы жауапты адамның балаға биологиялық әке боп табылатынын растады.
Сот шешімімен жауапты тұлға бала 18 жасқа жеткенше барлық табысының 1/4-ін беріп отыратын болды.