Доха қаласындағы жарылыстан 12 адам көз жұмды

ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Катар елінің астанасы Доха қаласындағы жарылыстың салдарынан 12 адам ажал құшты. Осыған байланысты БАӘ президенті шейх Халифа бин Зайед Әл Нахайян Катар әміршісі шейх Тамим бин Хамаду Әл Таниға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Доха қаласындағы жарылыстан 12 адам көз жұмды

БАӘ басшысы қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, жарақат алғандардың жылдам сауығуын тіледі. Осы сипаттағы жеделхаттарды БАӘ вице-президенті, БАӘ премьер-министрі және Дубай эмиратының әміршісі шейх Мұхаммед бин Рашид Әл-Мактум, БАӘ ӘҚ жоғарғы бас қолбасшының орынбасары, Абу-Даби әмірлігінің ханзадасы шейх Мұхаммед бин Зайед Әл Нахайян жолдады.

Катар ІІМ 27 ақпанда Доха қаласындағы жекеменшік мейрамханалардың бірінде газ баллонының жарылғанын, нәтижесінде 12 адамның өмірі қиылып, 31 азаматтың түрлі жарақаттар алғаны хабарланған еді.

Азаматтық қорғаныс департаментінің директоры Хамад Әл-Духайми газ баллонының жарылуы «Лэндмарк Холл» ірі сауда орталығының маңындағы мейрамхана ғимаратының кей бөліктерінің бұзылуына әкеп соққанын айтты. Сондай-ақ, жарылыс болған жерге жақын маңда жанармай құю стансасы болғаны хабарланды. Абырой болғанда, өрт уақытылы ауыздықталды.