Доха мен Эр-Рияд арасын жоғары жылдамдықты теміржол байланыстырады
АСТАНА.KAZINFORM - Қатар мен Сауд Арабиясы өз астаналарын жоғары жылдамдықты теміржолмен байланыстырады. Сауд Арабиясы жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, екі араб монархиясының астаналары арасындағы жол жүру уақыты шамамен екі сағатты құрайды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
8 желтоқсанда Эр-Риядта Қатар әмірі шейх Тамим бин Хамад Әл-Тани мен Сауд Арабиясының тақ мұрагері шейх Мұхаммед бин Салман Әл-Саудтың қатысуымен Сауд Арабиясы Корольдігі мен Қатар мемлекетін байланыстыратын жоғары жылдамдықты электр теміржол жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.
Жобаға сәйкес, жоғары жылдамдықты теміржолдың ұзындығы 785 шақырымды құрайды. Ол екі астананы – Доха мен Эр-Риядты байланыстырады, сондай-ақ негізгі қалалар (Әл-Хуфуф және Даммам) мен астана әуежайлары арқылы өтеді. Жаңа желідегі пойыздар сағатына 300 км-ден асатын жылдамдықпен жүреді, бұл астаналар арасындағы жол жүру уақытын екі сағатқа дейін қысқартады.
Тараптар жобаны алты жылда аяқтауды жоспарлап отыр. Теміржол жылына 10 миллион жолаушыға дейін қызмет көрсетеді.
Жоба халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес, жолаушылар теміржол көлігіндегі ең жаңа технологиялар мен интеллектуалды инженерияны пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Бұған дейін Мадрид пен Барселона арасында жоғары жылдамдықты пойыз қатынайтыны хабарланды.