Дохадағы араб-ислам саммитіне қатысушылар Израильдің БҰҰ-дағы мүшелігін тоқтатуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Араб мемлекеттері лигасы (АМЛ) мен Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше елдер Қатарда өткен төтенше саммитте Израильдің Дохаға жасаған шабуылын айыптап, елдің БҰҰ-дағы мүшелігін тоқтатуды ұсынды, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.

Дохадағы араб-ислам саммитіне қатысушылар Израильдің БҰҰ-дағы мүшелігін тоқтатуға шақырды
Фото: unsplash

Саммиттің қорытынды мәлімдемесінде атап айтқанда Израильге қару-жарақ сатуға тыйым салу және бұл мемлекетке қарсы санкциялар енгізу қажеттігі айтылған. Сондай-ақ ИЫҰ-ға мүше 57 ел Израильдің БҰҰ-дағы мүшелігін тоқтатуға қол жеткізу үшін келісілген күш-жігерге шақырды. Қатар әмірі Тамим бен Хамад Әл Тани еврей мемлекетінің Дохаға жасаған соққысын «қорқақ лаңкестік әрекет» және «мектептер мен дипломатиялық өкілдіктер орналасқан тұрғын ауданға жасалған опасыз агрессия» деп сипаттады.

Саммитке қатысушылар бұдан басқа Израильдің Иордан өзенінің батыс жағалауында елді мекендер салуы және оны «геноцид, этникалық тазарту және ашаршылық» үшін айыптады. Қол қойғандардың пікірінше, Израильдің әрекеттері Таяу Шығыстағы «бейбітшіліктің кез келген болашағына нұқсан келтіріп отыр».

Өз кезегінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио дәл сол күні, 15 қыркүйекте Вашингтонның ХАМАС-қа қарсы соғыста Израильге өз мақсаттарына жетуде қолдау көрсететінін растады.

- Газа секторының халқы жақсы болашаққа лайық, бірақ бұл жақсы болашақ ХАМАС жойылмайынша басталуы мүмкін емес. Сіз біздің мызғымас қолдауымызға сене аласыз, – деп мәлімдеді Рубио Иерусалимде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бірлескен баспасөз мәслихатында.

Таяу Шығысқа ұшар алдында тілшілермен сөйлескен Рубио АҚШ президенті Дональд Трамптың Қатар аумағына жасалған соққыларға «қуанбайтынын», бірақ Вашингтонның Израильді қолдауын жалғастыратынын баса айтты.

Дональд Трамптың өзі Беньямин Нетаньяхудің «бұдан былай Қатарға соққы жасамайтынын» мәлімдеді.

Айта кетейік, Израиль 9 қыркүйекте Қатар астанасы Дохаға әуеден шабуыл жасап, нысанаға палестиналық ХАМАС-тың саяси бюросының мүшелерін алғанын мәлімдеген болатын. Соққыдан 6 адам, оның ішінде топтың бас келіссөзшісі Халил әл-Хайидің ұлы мен Қатар Ішкі істер министрлігінің қызметкері қаза тапты.

Кейін Нетаньяху Дохаға не үшін соққы жасағанын айтты. 

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Дохада Израиль билігі жасаған әскери акцияны айыптағанын жазған едік. 

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Дохаға жасалған соққыны айыптады.