Доллар бағамы 50 түрік лирасынан асты
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда доллар бағамы 50 лирадан асып, жаңа рекорд орнатты.
Түркия валюта нарығы жаңа аптаны шетел валюталарының өсуімен бастаған. АҚШ долларының бағамы тарихта алғаш рет 50 лираға жетіп, жаңа рекорд орнатып отыр.
Еуроның бағамы өскен. Бұрын ол 55,91 лира болса, қазір 56,16 лираға дейін көтерілді.
Түркияның Ekonomim басылымының хабарлауынша, түрік валютасының әлсіреуіне әлемдік нарық факторлары мен лираға қысымның жалғасуы себеп болып отыр.
Инвесторлар АҚШ-тағы экономикалық және саяси жағдайға көбірек назар аударып жатқаны айтылып жүр. Атап айтқанда, әлемдік нарықтар Өкілдер палатасы мен Сенаттағы билік тепе-теңдігін анықтайтын аралық сайлау нәтижелерін күтіп бағады. Сайлау Трамп әкімшілігінің экономикалық күн тәртібіне және әлемдік қаржы нарықтарындағы болашақ көңіл күйге әсер етуі мүмкін.
Тағы бір маңызды фактор жұма күні АҚШ еңбек нарығына, оның ішінде жұмыссыздық деңгейі мен ауыл шаруашылығына жатпайтын жаңа жұмыс орындарының ашылуына қатысты жаңа деректердің жариялануы болып отыр. Алдыңғы деректерге қарағанда, АҚШ-тағы жұмыссыздық 4,2%, ал жұмыспен қамтудың өсуі 29 мың жаңа жұмыс орнына жеткен.
Бұл жаңа статистика халықаралық валюта нарықтарында қосымша құбылмалылық тудырады және негізгі валюта жұптарының көрсеткіштеріне әсер етеді.
Еске сала кетейік, былтыр жазда Түрік лирасы өз құнының 97%-ын жоғалтқан еді.