Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Домбыра, бауырсақ және шашу: 33 жылдан кейін Арқалыққа әуе рейстері қайта жанданды

АРҚАЛЫҚ. KAZINFORM – Астанадан Арқалыққа 33 жылдан кейінгі бірінші тұрақты әуе рейсі орындалып, айтулы оқиға ұшақ көкке көтерілмей жатып-ақ үлкен мерекеге ұласты. Жолаушыларды домбыраның күмбірлеген үнімен, әуезді әнмен шығарып салып, ыстық бауырсақ ұсынылды. Ал Арқалықта әуе кемесін шашумен қарсы алды.

 Арқалыққа әуе рейстері қайта жанданды
Фото: Бердіболат Көркембаев

Әуе қатынасының қайта жандануы Торғай өңірі үшін маңызды инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналды. Бұған дейін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Арқалық әуежайын қалпына келтірудің өңірді дамыту және оның көлік қолжетімділігін арттыру үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өткен болатын.

 Арқалыққа әуе рейстері қайта жанданды
Фото: Бердіболат Көркембаев

— Арқалық әуежайын қайта жаңғырту және тікелей әуе рейстерін іске қосу — бұл Президент тапсырмаларын нақты жүзеге асыру. Мемлекет басшысы моноқалаларды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы жұмыс аясында жаңа жолаушылар терминалы және қажетті барлық инфрақұрылым салынды, — деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов.

33 жылдан кейін Арқалыққа әуе рейстері қайта жанданды
Фото: Бердіболат Көркембаев

Әуежай Президенттің Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес қалпына келтірілді.

Сертификаттау рәсімдерінен кейін әуе айлағы CRJ200 үлгісіндегі өңірлік ұшақтарды қабылдауға рұқсат алды. Енді Арқалықтан Астана, Алматы және Қостанай бағыттарына үш тұрақты рейс ашылды. Рейстер аптасына екі рет — сейсенбі және сенбі күндері орындалады. Әуе тасымалдаушысы — SCAT әуе компаниясы.

33 жылдан кейін Арқалыққа әуе рейстері қайта жанданды
Фото: Бердіболат Көркембаев

Бұл күні жолаушылардың қуанышы да ерекше сезілді. Астанада шығарып салу кезіндегі мерекелік көңіл-күй әуеде де жалғасты. Ұшақ бортында Торғай өңіріне арналған Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың «Арқалықтың ақ таңы» әні шырқалды. Ал ұшақ Арқалықта қонғаннан кейін мереке одан ары ұласты. Бірінші әуе кемесін жергілікті тұрғындар шашу шашып, музыкамен, әнмен қарсы алды. Көптеген тұрғын үшін рейстердің қайта ашылуы ең алдымен жақындарына тезірек жетіп, олармен жиі қауышуға мүмкіндік беретін маңызды жаңалық болды.

33 жылдан кейін Арқалыққа әуе рейстері қайта жанданды
Фото: Бердіболат Көркембаев

— Шындығында да бұл біз үшін көптен күткен оқиға. Енді туған-туыстарымызға тезірек барып, олармен жиі кездесетін боламыз. Қала тұрғындары үшін әуежайдың ашылуы — үлкен қуаныш, — деді Арқалық тұрғыны Жанар Кауметова.

Осылайша, таңертең Астанадан домбыраның үнімен сапарға аттанған жолаушыларды Арқалық дәстүрлі шашумен қарсы алды. 33 жылдан кейін Арқалық қайтадан еліміздің тұрақты әуе қатынасы картасына енді.