Домбыраны нотасыз, ауызша үйрету қажет - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 19-ы, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Домбыраны нотасыз, ауызша үйрету қажет - республикалық басылымдарға шолу

«ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ауғанстан Ислам Республикасына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ЕҚЫҰ-ның төрағасы әріптесі, Ауғанстан Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Залмай Расулмен кездесті, тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жайын сөз етті. Сондай-ақ олар ауғандық студенттерді Қазақстанда оқыту барысына арналған жобаның жүзеге асуы үшін үкіметаралық комиссия құру жайына да назар аударды», деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.

Еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы төрағасы ретінде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру мен осы бағытта алдыға қойылып отырған міндеттер туралы және Қазақстанның Ауғанстанмен экономикалық, саяси және өзге де байланыстары мен оның болашағы туралы білгіңіз келсе «Егемен Қазақстан» басылымындағы «Жауапкершілік жүгі жеңіл емес» атты мақаланы қараңыз.

Аталмыш басылым бүгінгі нөмірінде сондай-ақ «Астықты өңірде тұқым себуге әзірлік қалай» деген атпен жариялаған мақалада ауыл шаруашылығы дақылдарын себуге байланысты Солтүстік Қазақстан облысындағы қалыптасқан жағдайды жан-жақты саралапты. Мақала авторының айтуынша, аталмыш өңірдегі агроқұрылым жетекшілері көктемнің ерте келуі мен жаңбырдың жаумауына алаңдаулы. Оның үстіне метеорология қызметкерлерінің биылғы жазда құрғақшылық болуы мүмкін деген болжамдары рас келетін болса, жағдай одан бетер мүшкілдене түспек. Ол аз болса, биыл топырақ қыртысындағы ылғал қоры орташа жылдық деңгейге сәйкес келгенімен, кей жерлерде ала-құла. Сондықтан қалыптасқан жағдайдың және алдағы күндерде орын алуы ықтимал проблемалардың алдын алуға осы бастан дайындалмаса болмайды. Мақала авторы осы мәселені көтерген соң оны қалай шешу қажеттігі жөніндегі ұсыныстар мен қолға алынуы тиіс шаралар жөнінде баяндайды.

***

«Алаш айнасы» басылымы «Таза қазақша сөйлейтін телеарналар ашылады» атты мақалада Үкіметтің кешегі отырысында талқыланған «Ел бірлігі» доктринасының мақсат-міндеттері мен оған сай атқарылуы тиіс шаралар жөнінде баяндайды. Мақал авторы жиын барысында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің биылғы жылы Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленіп жатқанын, көптен бері айтылып жүрген қазақтілді телеарналардың биыл ашылатынын айтып өткендігі жөнінде жазады.

«Бағдарлама аясында қазақ тіліндегі телеарналар құрылады және қазақ тіліндегі басылымдар мен интернет ресурстарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі іс-шаралар қабылданады», деді министр», деп атап көрсетеді мақала авторы.

Елімізде ана тілін білмейтін қазақтарды және қазақ тілін үйренуге ниет еткен өзге ұлт өкілдерін қазақша сөйлетуге енді латвиялықтар да кіріскен. Тілді жеделдетіп оқытуға арналған мультимедиялық бағдарлама дайындаған «М.А.Р.И.Д.И.» компаниясының баспасөз парақшасының өзінде қателіктер өріп жүр. Басылым «Мынадай қателерден кейін, бұл бағдарламаның «үстінен» өзгелер күліп жүрмесе болғаны. Мультимедиялық бағдарлама ақша табу мақсатында жасалған тәрізді», дей келе, осы пікірге негіз болатын біршама нақты деректер мен дәйектер келтіреді. Бұл мәселе «Алаш айнасы» басылымындағы «Біреулер «үстімізден» күліп жүрмесін» атты мақалада көтерілген.

Бүгінгі санында ұлт мүддесіне қатысты мәселелердің бірін «Айқын» басылымы да көтеріпті. Ондағы «Бір мезетте 700 адамға домбыра үйретуге болады», деген мақалада автор «Аспандау» ғылыми білім беру қоры мен «Көкіл» қазақ мектеп колледжінің балаларға музыкалық білім берудің жаңа жүйесін ойлап тапқандығын айтады. Ол жүйе «Мұрагер» деп аталады екен. Басылымның айтуынша, «Көкіл» колледжінің директоры Абдулхамит Райымбергенов аталмыш жүйенің ерекшеліктері жөнінде былай дейді: «Біз бұл бағдарламаны халқымыздың дәстүріне сүйене отырып жасадық. Әрине ол бір күнде туа қалған дүние емес. Бағдарлама 1985 жылдан бері жасалып, дамытылып-жетіліп келді. Домбыра - музыкалық өнерді дәстүрлі жүйеде үйретудің басты құралы болып табылатыны белгілі. Осыған қарай біз де домбыраны нотасыз, ауызша үйрету қажет деп есептедік», дейді. Сондай-ақ басылым «Зиянды қалдықтың зардабы» атты мақала арқылы Қостанай өңіріндегі қоршаған ортаны ластаумен байланысты қалыптасқан өзекті мәселені көтерген. Мақала авторының сөзіне қарағанда, Қостанай өңіріндегі полигондарда жинақталып қалған қатты тұрмыстық заттар тұрғындардың тұрмысынан бұрын денсаулықтарына әсер етіп жатыр. Сондықтан да болар, облыстық прокуратура алқа мәжілісінде басқа емес, тап осы мәселені қараған. Бұдан басылым алқа мәжілісінде прокуратура органдары анықтаған қоршаған ортаны қорғауға қатысты заңсыздықтар жөнінде баяндай келе, өңірдегі атқарушы органдардың иесіз немесе белгісіз қалдықтармен жұмыс істеу және олардың қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсерін болдырмау мақсатындағы жұмыс деңгейі заң талаптарына сәкес еместігін айтады. «Себебі күні бүгінге дейін барлық өндірістегі иесіз қалдықтар мен оны пайдалану туралы есеп жүргізілмеген», деген уәж айтады мақала авторы. Басылым сондай-ақ бүгінгі санында «Қазақтың тарихы қалай бұрмаланса, жылқының тарихы да солай бұрмаланған», деген тақырыппен Қажытай Ілиясұлымен болған қызықты сұхбатты жариялаған.

***

«Қытайда жұмыс сапарымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов жүр», деп жазады «Казахстанская правда» басылымы «Спецслужбы объединяют усилия» атты мақалада. Мақала авторының айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қытай Халық Републикасының Мемлекеттік Кеңесінің мүшесімен, Қоғамдық қауіпсіздік министрі Мэен Цзяньчжумен және Ұлттық қауіпсіздік министрі Гэн Хуэйчпен болған екіжақты келіссөздерге қатысты. Жүздесу барысында күш-қуат құрылымдарының басшылары қазіргі заманғы қауіп-қатерлермен ынтымақтаса отырып күресумен байланысты кең ауқымды мәселелерді ортаға салды. Тараптар сонымен қатар халықаралық есірткі бизнесі мен тарнсұлттық қылмыс және заңсыз көшіп-қонуға қарсы тұру саласындағы ақпарат алмасу шараларын жетілдіруге келісті.

***

«Литер» басылымы ««Нұр Отан» партиясы Қазақстандағы білімді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылады», деп жазады. «Экзамен для образования» атты мақала авторының айтуынша, бұл «Нұр Отан» партиясының бастамасымен талқыланып отырған бірінші заң жобасы немесе бағдарлама емес. Партия өкілдері жақында ғана «Ғылым туралы», «Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру туралы» заң жобаларын да талқыға салған.