«Домодедово» әуежайында болған лаңкестіктің салдарынан 35 адам қаза тапты, 180 адам жараланды
КЕУ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Кеше, 24 қаңтар күні Мәскеудегі «Домодедово» әуежайында жасалған лаңкестік әрекеттің салдарынан 35 адам қаза тапты, 180 адам жараланды.
Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 23.00-тегі дерегі бойынша, жарылыс салдарынан 35 адам көз жұмған, 86 адам ауруханаларға жатқызылған, 94 адамға амбулаторлық жағдайда көмек көрсетілген.
Қаза болғандардың арасында шетелдіктер, атап айтқанда Словакия, Италия, Франция, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Тәжікстан азаматтары бар. Ресейдің ресми органдары «Домодедово» әуежайындағы жарылыстың салдарынан зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ештеңе хабарлаған жоқ. Қазақстанның Ресейдегі елшілігіндегі дереккөздің де ақпары бойынша, Қазақстан азаматтары туралы қандай да мәлімет түскен жоқ.
Бұл факті бойынша РФ Тергеу комитеті РФ Қылмыстық кодексінің 205-бабы (лаңкестік), 105- бабы (адам өлтіру) және 222-бабы (қару-жарақ пен жарылғыш заттардың заңсыз айналымы) бойынша қылмыстық іс қозғап отыр.
Құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша, келушілерді қарсы алып тұрған топтың ішінде болған жанкешті сағат 16.33 кезінде жарылғыш затты іске қосқан. Лаңкестік құрбандарының қатарында такси жүргізушілері мен қарсы алушылар көп болған. Бомбаның қуаты тротилге балама 5-7 келіні шамалап отыр.
РФ Президенті Дмитрйи Медведев лаңкестік оқиғаға байланысты өткізілген шұғыл кеңесте Ресейдің барлық әуежайлары мен ірі көлік тораптарында ерекше режим енгізуге бұйрық берді. Ол сондай-ақ лаңкестік салдарынан зардап шеккендерге және қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсетуді міндеттеді. «Зардап шеккендер дереу медициналық көмек алулары үшін, қолдан келгеннің бәрін жасау керек. Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамын», - деп мәлім етті РФ басшысы.