Дональд Трамп Қазақстанмен әріптестікті дамытуды жоғары бағалайды - АҚШ Мемхатшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеомен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Екі елдің сыртқы істер ведомстволарының басшылары Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтарында АҚШ-қа ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың дәйекті түрде жүзеге асырылуын қанағаттанушылықпен атап өтті. Майкл Помпео Қазақстан көшбасшысы сапарының маңыздылығын айрықша атап өтіп, АҚШ Президенті Дональд Трамп Вашингтонда қол жеткізілген уағдаластықтарды және Қазақстанмен екіжақты әріптестікті дамытуды жоғары бағалайтынын атап өтті.
Сұхбаттастар Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамыту мәселелерінің кең ауқымын, атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады. Түрлі деңгейдегі екіжақты байланыстардың, оның ішінде халықаралық форумдар аясындағы кестесі қарастырылды.
Қазақстан Сыртқы істер министрі мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша байымды пікір алмасты. Қазақстанның әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан бас тарту тәжірибесі Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы мен Корей түбегінің ядролық қарусыздануына да қатысты жағдайды реттеу үшін үлгі болатыны атап өтілді.
Екі тарап өңірлік форматта жемісті өзара әрекеттестіктің маңыздылығын, сондай-ақ Ауғанстанның тұрақтылығын және тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша Қазақстан және Орталық Азияның АҚШ-пен және басқа әріптестермен ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті. Қазақстандық дипломат қазақстандық жоғары оқу орындарындағы ауған студенттеріне арналған білім беру бағдарламасының табысты іске асырылуына, сондай-ақ Астанада өтуге жоспарланған «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін жақсарту» жөніндегі Өңірлік конференциясына назар аударды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мемлекеттік хатшы Майкл Помпеоның Қазақстанға ыңғайлы уақытта сапар жасауы жөніндегі өзінің шақыруын растады.