Дональд Трампқа қатысты қылмыстық қудалау: Келер жылы АҚШ-тағы президент сайлауы қалай өтпек

ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Дональд Трампқа қатысты қылмыстық қудалау оның 2024 жылы өтетін президент сайлауына қатысуына тікелей әсер етеді. Сот процесіне байланысты америкалықтардың қөзқарасы қақ жарылды. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі алдағы сайлау төңірегіндегі мәселелер мен белді кандидаттардың мүмкіндігін саралап көрді.

Дональд Трампқа қатысты қылмыстық қудалау: Келер жылы АҚШ-тағы президент сайлауы қалай өтпек
Фото: AP

АҚШ-тың экс-президентіне қандай айып тағылды?

Биыл 4 сәуірде Дональд Трамп ресми түрде қамауға алынып, оған бірнеше бап бойынша айып тағылды. Атап айтқанда, экс-президент 2016 жылы өткен сайлау қарсаңында өзі туралы жағымсыз ақпараттарды жариялауды тоқтату мақсатында елдің қаржыландыру туралы заңдарын бұзған.

Бұл оқиға бұрынғы президенттің келер жылы өтетін сайлауға қатысуына кедергі болуы мүмкін. Яғни, алдағы уақытта Дональд Трампқа қатысты басқа айып тағылуы ықтимал. Атап айтсақ, оның 2020 жылы Джорджия штатындағы сайлау нәтижелеріне араласуы, Капитолийге шабуыл жасаудағы Дональд Трамптың рөлі және Мар-а-Лагодағы экс-президенттің үйінен табылған құпия құжаттарға қатысты тергеу жалғасуда.

Фото: AP Photo/Evan Vucci

24 сәуірде Джорджия штатындағы Фултон округінің прокуроры Фани Уиллис Дональд Трамп пен оның одақтастарының 2020 жылғы сайлауға араласуына қатысты жүріп жатқан тергеу нәтижесін шілдеде жариялайтынын айтты. Бұл сайлаушылардың қолдауына ие болуға кері әсерін тигізетіні анық. Себебі тұрғындар өз дауысын мұндай іске қатысы бар саясаткерге бергісі келмеуі мүмкін.

Бұлардан бөлек, 2024 жылдың 5 қарашасына жоспарланған сайлаудың өту мерзімі де Дональд Трамп үшін тиімсіз. Өйткені, бір жарым жылдың ішінде экс-президенттің қатысуымен болған құқық бұзушылықтарға қатысты тың деректер анықталуы мүмкін. Егер жағдай жағымсыз сценарий бойынша өрбісе, сондай-ақ оған тағылған айып негізінде кінәсі дәлелденсе, онда ол АҚШ заңына сәйкес жаза арқалайды.

Фото: Jonathan Ernst/Reuters

Алайда, бұған қарамастан Дональд Трамптың соттылығы оның 2024 жылғы президент сайлауына қатысуына шектеу болмауы да ықтимал.

Себебі АҚШ президенті болуға ниетті үміткерлерге қойылатын талаптар аз. Аталған елдің Конституциясына сәйкес, кандидат туғаннан АҚШ азаматы болуы керек, 35 жастан асқан және Америкада тұруы тиіс. Ол елдің заңында көрсетілгендей, президенттікке ұсынылған үміткердің соттылығы бар екені немесе тіпті оның түрмеде отырғаны да сайлауға түсуге кедергі емес.

Бұған 1920 жылы өткен президент сайлауына қатысқан Юджин Виктор Дебс мысал. Ол сол кезеңде Атланта федералды түрмесінде отырып, Америка социалистік партиясының атынан кандидат ретінде ұсынылып, АҚШ халқының 3,4% дауысын жинаған болатын.

Сот отырысынан кейін экс-президенттің танымалдығы артты

Д.Трампқа қатысты сот отырысынан кейін оның ел арасындағы танымалдығы артты. Мәселен, бразилиялық «O Globo» газеті «Қылмыстық айып тағылғаннан кейін Трамп сотталушы орындығын сайлау жәшігіне айналдырып жатыр» атты мақала жариялады. Материалда бұл іске БАҚ назарын аудару, сайлау науқаны алдында қомақты ақша әкелетін жарнама жасау мақсатында шықты деген пікірлер айтылуда.

Сонымен қатар, Дональд Трамп Республикалық партияның айтарлықтай қолдауына ие. Оған қатысты қылмыстық қудалау партияішілік алауыздық тудырмады. Трамптың «республикашыл» одақтастары АҚШ-тың бұрынғы президентін қорғап, мұның бәрі алдағы сайлау қарсаңында жасалған айыптау актісі екенін алға тартып, Нью-Йорк округінің прокурорын қатаң сынға алды.

Фото: Tetra Images/Getty Images

Палата спикері К.Маккарти бұл іс бойынша өзі жеке тергеу жүргізетінін мәлім етті.

Сәуір айында ұйымдастырылған «NBC News» ұлттық сауалнамасына сәйкес, Республикалық партия сайлаушыларының 68%-ы Дональд Трамптың кандидатурасын қолдайды. Сондай-ақ олар Трамптың қайтадан президент болып сайлануы орынды деп есептейді.

Өз кезегінде Дональд Трамп айыптау қорытындысына жауап ретінде мәлімдеме жасады. Онда ол: «Мұндай деңгейдегі саяси қудалау мен сайлауға араласу АҚШ тарихында бұрын-сонды болмаған», деді.

Фото: Getty Images

Егер Дональд Трамп сайлауда жеңіске жетсе, онда ол қылмыстық қудалаудан босатылады. Сонымен қатар, Трампқа АҚШ-тың келесі президенті немесе өзінің президенттік мерзімі аясында билік вице-президентке өткен жағдайда рақымшылық жасалуы да мүмкін. АҚШ Конституциясында осылай қарастырылған. Айта кетейік, бұған дейін президент Джеральд Форд «Уотергейт жанжалына» қатысты айыпталған президент Ричард Никсонға рақымшылық жасаған болатын.

Алдағы президент сайлауына байланысты америкалықтардың көзқарасы екіге бөлінді

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, бірнеше қорытынды жасауға болады. Біріншіден, Америка қоғамының көзқарасы қақ айырылып, алдағы президент сайлауы шиеленісті жағдайда өтеді. «NBC News» сауалнамасына сәйкес, сайлаушылардың 52%-ы Д.Трампқа тағылған айыптар заң талабына сай және оның ешқандай саяси астары жоқ деп санайды.

Екіншіден, АҚШ-тың сот жүйесі тәуелсіз. Сондықтан Д.Трамп жаза арқалаған АҚШ-тың алғашқы экс-президенті ретінде тарихта қалуы әбден мүмкін. Себебі қылмыс жасағаны үшін сотталған Американың федералды деңгейдегі саясаткерлерінің қатары көп. Тек оның президенттігі кезінде (2017-2021) бес жоғары лауазымды мемлекеттік қызметші сотталып үлгерді. Атап айтқанда Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Флинн (Республикалық партия), президенттің аға кеңесшісі Стив Бэннон (Республикалық партия), Техастан шыққан АҚШ-тың өкілдер палатасының мүшесі Стив Стокман (Республикалық партия), Нью-Йорктен өткен АҚШ-тың өкілдер палатасының мүшесі Карл Коллинз (Республикалық партия), Калифорниядан өкілдер палатасының мүшесі атанған Дункан Дуэйн Хантер (Республикалық партия).

Фото: Yanik Chauvin/Adobe

Үшіншіден, Дональд Трамп - Республикалық партиядан сайлауға түсетін басты кандидат. Ол бірінші болып былтыр 15 қарашада сайлауға қатысуға өтініш берді. Джо Байден болса, келер сайлауда үміткер болу ниеті бар екенін жақында 25 сәуірде ғана мәлімдеді.

Ұлттық сауалнама нәтижесі

29 наурыздағы Fox News жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, Д.Трамп партияластарының 57% дауысына ие болады. Оған бәсекелес саналатын Р.Десантис 24% дауыс жинады. Қалған үміткерлерге сайлаушылар келесідей қолдау көрсетуге ниетті: Майк Пенс - 6%, Лиз Чейни және Никки Хейли - 3% және Грег Эбботт - 2%.

Фото: Shutterstock

NBC News-тің 14-18 сәуірдегі тағы бір ұлттық сауалнамасының қорытындысы бойынша Дональд Трамп Республикалық партия сайлаушыларының - 46%, Р.Десантис - 31%, М.Пенс пен Н.Хейли - 6%, Т.Скотт пен А.Хатчинсон - 3% және В.Рамасвами 2% қолдау алды.

Ал, Джо Байденге қатысты статистика мүлде бөлек. Яғни, барлық америкалықтардың 70%-ы, соның ішінде демократтардың 51%-ы Байден екінші мерзімге сайланбауы керек деп санайды. Қазіргі президенттің қарсыластары бұған оның жасы себеп екенін алға тартып отыр.

Бірақ кейбір америкалық сарапшылар Д.Трамптың қамауға алынуы Демократиялық партияның мүддесіне сай емес деп пікір білдіруде. «Hart Research» ұйымының әлеуметтанушысы Джефф Хорвиттің айтуынша, Джо Байденнің беделі мен танымалдығы даулы миллиардер Д.Трампқа қарағанда басымырақ болып қала береді.

Фото: Shawn Thew/Pool/EPA