Дональд Трамптың ұлы Моңғолияда қазақ киіз үйінде қонып, тамсанып қайтты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – АҚШ Президентінің ұлы кіші Дональд Трамп Моңғолияда қазақ киіз үйіне қонып, демалысын өткізіп қайтты. Алған әсері туралы ол Инстаграм парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кіші Дональд Трамп парақшасына Моңғолия жерін аралау кезіндегі бірнеше фотоны жүктеген.
Montsame сайтының хабарлауынша, АҚШ президентінің ұлы Баян-Өлгей аймағында болған. «Хүйтэн оргил» (Мұз шың) тауын бағындыру үшін «Алтай Таван Богд» (Бес құдай) тауларын бетке алған. Ұланбатырдағы АҚШ елшілігі мемлекеттік маңыздағы сапар болмағандықтан, қосымша ақпараттан бейхабар екенін жария еткен.
Ал Моңғолия президенті Халтмагийн Баттулга Дональд Трамптың 13 жастағы ұлы Бэррон Трампқа тұлпар сыйлағаны туралы да шетелдік БАҚ көздері жарыса жазды.
Кіші Дональд Трамппен бірге түскен фотосуреттерді жүктеген Жандос Қоңтарбай Ақат есімді Моңғолия қазағы америкалық меймандардың саяхат кезінде бақташылардың үлкен тобына барып, көшпелі өмірмен танысқанын жазады.
«Мен үйге кірген кезде, әкем, оны ыстық шаймен қарсы алды. Кіші Дональд Трамп әкемнің құрметіне риза болды. Осы саяхатты ұйымдастыруға көмектескендерге көп рахмет. Біз бірге Моңғолияның туризмін әлемдік аренада ілгерілете аламыз», - дейді ол Facebook парақшасында.