Дональд Трамп Невададағы партияішілік сайлауда жеңіске жетті

Дональд Трамп
Фото: Dailymail

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Невада штатындағы ішкіпартиялық сайлауда сенімді жеңіске жетіп, Республикалық партиядан үміткер болу жолындағы алға ұмтылуын жалғастырды. 

Бұл оның Айова, Нью-Гэмпшир және Виргин аралдарында жеңіске жеткеннен кейінгі төртінші ірі жеңісі.

Трамп жарысты 97,6% дауыспен жеңді, штат атынан 26 делегат алды. Оның жалғыз қарсыласы Техас бизнесмені және пастор Райан Бинкли болды, ол Невада республикашыларының 2,4% дауысын жинаған. 

Ал бас бәсекелесі, АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі және Оңтүстік Каролинаның бұрынғы губернаторы Никки Хейли есімі бюллетеньде болмағандықтан бірде-бір дауыс ала алмады. 

Невададағы кандидаттарды ұсыну процесі біршама күрделі және оны штат емес, саяси партиялар басқарады. Трамп одақтастарынан тұратын Невада Республикалық партиясы екі кандидат арасында ішкіпартиялық сайлау өткізуге шешім қабылдады, Никки Хейли Невадаға іс жүзінде уақыт пен ресурстар жұмсамады.

Хейли күрес жалғастыруға ант берді. Ол және оның командасы Оңтүстік Каролинаға көбірек уақыт пен күш жұмсады, онда Хейли 6 жыл бойы штат губернаторы қызметін атқарды. Дегенмен, сауалнамалар Трамптың Оңтүстік Каролинада 24 ақпанда өтетін праймериздің алдында алда тұрғанын көрсетті.

АҚШ-тағы сайлау 2024 жылдың 5 қарашасына белгіленген.

Соңғы жаңалықтар