Дональд Трамп өзара тарифтер туралы жарлыққа қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – Дональд Трамп АҚШ өнімдеріне салық салатын барлық елдерге жауап тарифтерін енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Еuronews.

Ақ үй басшысы жаңа шаралар Вашингтонмен саудадағы теңгерімсіздікті жоюға бағытталғанын айтты.
- Егер сіз өз өнімдеріңізді АҚШ-та шығарсаңыз, еш салық болмайды. Мен әділеттілік үшін өзара тарифті, яғни елдер Америка Құрама Штаттарынан алатын кез келген алымдарды, біз олардан алатын боламыз деп шештім. Артық та, кем де емес. Басқаша айтқанда, олар бізден салық немесе баж салығын алады, ал біз олардан дәл сол салықты немесе бажды аламыз, өте қарапайым, - деді Трамп.
Мамандар бұл қадам ел ішінде экономикалық тұрақсыздық тудыруы мүмкін деп санайды. Олар егер басқа елдер өздерінің тарифтері мен сауда кедергілерімен жауап берсе, тұтынушылар үшін баға өсетінін алға тартады.
Бірақ Трамп өзінің жоспары жұмыс істейтініне оптимистік көзқараста.
- Іс жүзінде не болатынын ешкім білмейді, біз тек бұрын көрмеген деңгейде жұмыс орындары ашылатынын білеміз. Біз пайыздық мөлшерлемелер болып жатқан оқиғаларға байланысты төмендейді деп ойлайтынымызды білеміз және олар тарифтермен қатар жүреді, - деді Дональд Трамп.
Соңғы апталарда АҚШ президенті тарифтерді енгізу арқылы одақтастары мен бәсекелестеріне қарсы шықты. Көптеген ел Трамп өзінің қоқан-лоқысын орындайтын болса, оған қарсы соққы беру үшін қарсы шараларды дайындап жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл саясат әлемді экономикалық өсімнің төмендеу қаупі бар жаппай сауда соғысына итермелейді.
Трамп алюминий мен болат импортына 25% баж салығын енгізген еді.