Донецк облысында Boeing құлаған орынға шамамен 80 халықаралық сарапшы келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенбі күні Донецк облысында малайзиялық Boeing 777 құлаған орынға жетпіс сегіз халықаралық сарапшы келді. Өздерімен бірге олар қаза болғандардың денесін іздеуге үйретілген иттерді ала келді, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

Донецк облысында Boeing құлаған орынға шамамен 80 халықаралық сарапшы келді

Бұл туралы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Украинадағы миссиясының арнайы мониторинг хабарламасында айтылған. «Құрамында сегіз адамы бар арнайы мониторинг миссиясы МН17 рейсінің құлаған орнына 70 сарапшы және қаза болған адамдардың мәйіттерін іздейтін иттермен келді. Алда ұзақ интенсивті жұмыс күні тұр», - делінген хабаламада.

Сарапшылар тобына Нидерланды мен Австралиядан мамандар кіреді.

Жұма күні ТЖ орнында адам қалдықтарын іздеумен жүзге жуық сарапшы айналысады деп хабарланған болатын. Жексенбі немесе дүйсенбіге қараған күні мамандардың санын 20 адамнан 5 топқа жеткізу жоспарлануда.

Әуе апаты құрбандарының мәйіттерін іздеп, тасымалдау бойынша миссия басшысы Питер Яап Алберсбергтің сөзіне қарағанда, «бірінші кезекте, апат орнында табылғандардың бәрі суретке түсіріледі, сосын арнайы пакеттер мен қаптарға салынады, маркерленіп, содан кейін барып тасуға әкетіледі. Мәйіттер арнайы тоңазытқыш камераларда Украинаның Соледар қаласына жеткізіліп, ол жерден рефрижератор вагондармен Харьковқа жөнелтіледі. Онда оларды одан әрі ұшақтармен Нидерландыға жіберу ұйымдастырылады».

Сонымен бірге, қаза болғандардың жеке заттары бөлек салынып, Эйндховенге жолданады. «Әзірге қаза болғандардың мәйіттерін іздеудің қанша уақыт алатыны жайлы айту қиын, - деп атап өтті Алберсберг. - Бұл көптеген жағдайларға байланысты. Алайда бізге бірнеше апта қажет екені сөзсіз».

Жұмаға дейін халықаралық сарапшылардың базасы Донецкіде орналасты, алайда қазір оны Соледарға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ол әуе апаты ауданынан 90 шақырым жерде орналасқандықтан апат орнына жету қолайлы болмақ.

Қайғылы оқиға орын алған алғашқы күндері осы аймақты бақылаушы жасақ 227-ден астам адам мәйіттерін тапты. Олар Нидерландыға жіберілді. Табылмаған мәйіттер мен қалдықтарды іздеу міндеті 400 австралиялық, голландиялық және малайзиялық сарапшылардан тұратын халықаралық миссияға тапсырылған.