Донор Абзал
Әр азаматтың парызы
- Әрине, адам өміріне араша болу - үлкен ерлік. Бірақ бұны міндет қылып немесе біреуге жақсы көріну үшін емес, азаматтық парыз ретінде орындап келемін. Әлі есімде, 1991 жылы анам қатты сырқаттанып қалды. Анама қан керек болып алғаш рет қан тапсырдым. Ол уақытта студентпін, жаспын ғой, әр істің байыбына бара бермейміз. Адам өмірі үшін донорлықтың қаншалықты пайдасы бар екенін жете түсінбедім. Кейін біздің отбасымызда үлкен ағам Орақ донор болып, тұрақты түрде қан тапсырып тұрды. 2007 жылы мен де облыстық қан орталығына барып, қан тапсырдым. Орталық дәрігерлері денсаулығымның жақсы, ешқандай қарсы көрсетілімдердің жоқ екенін айтып, тұрақты түрде келуге кеңес берді. Менің де ешқандай қарсылығым болған жоқ. Қазір екі-үш ай сайын барып қан тапсырып тұрамын, - дейді Абзал Алмаханов. Абзал Нұрмаханұлының мамандығы - дәрігер, ұстаз. Қазір М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің травмотология және ортопедия курсынан сабақ береді. Облыстық жедел жәрдем ауруханасында кезекшілік атқарады. Дәрігердің айтуынша, қан тапсырудың адам денсаулығына тигізер зияны жоқ. - Медициналық тұрғыдан оның пайдасы да нақты дәлелденбеген, яғни «қан тазарады», «денсаулығың жақсарады» деген түпкілікті қағида жоқ. Бірақ қан тапсырудан денсаулыққа ешқандай зиян келмейді. Донор өмірінің соңына дейін қан тапсыруына болады. Сонымен бірге донор болу арқылы қаншама адамның өмірін сақтап қаласың. Көпшілік донор болудың сауапты іс екеніне аса мән бермейді. Адам өз басына іс түскенде ғана донорлықтың не екенін жақсы түсінеді. Отбасында біреу жол апатына ұшырап немесе өзге де аурудың салдарынан қан қажет болған жағдайда ғана туыстары мен достарына хабарласып жатады, - дейді Абзал. Ауруханада қанға қажеттілік үнемі болады. Бұл - конвейер сияқты. Мәселен, жедел жәрдем ауруханасында травмотология, терапия, хирургия, нейрохирургия, гинекология және көп жарақат бөлімі секілді бірнеше бөлімдер бар. Олардағы науқастар үнемі қанға мұқтаж. - Мәселен, кеше травмотология бөлімінде бес ота жасалса, соның екеуіне қан құйылды. Донордың қаны науқасты өлім аузынан алып қалу үшін керек. Қанша қан құйылса да адамның өз қаны өзгермейді, - дейді Абзал.
Донорға қойылатын талап жоғары
Абзал Нұрмаханұлының қан тобы - 2-ші, оң резусты. Уақытында орталыққа барып қан тапсырып тұрады, алты ай сайын медициналық тексеруден өтеді. Өйткені донор болудың өз талабы бар. Бұндай азамат бірінші кезекте өзін таза ұстап, зиянды әрекеттерден аулақ болуы тиіс. Себебі денсаулығында ақауы бар адам донор бола алмайды. Олар бұрын жұқпалы, созылмалы, инфекциялық, вирусты аурулармен ауырмаған болуы керек. Гепатит секілді қауіпті және тері, жыныстық аурулармен ауырғандардың донор болуына рұқсат жоқ. Қан қысымы тұрақсыз, қан тапсыруға қарсы көрсетілімдері барлар да донорлықтан шеттетіледі. Сондай-ақ донорлар есірткі, темекі, ішімдік секілді зиянды әрекеттерден аулақ болғаны жөн. Оларға кездейсоқ жыныстық қатынастардан сақтануға кеңес беріледі. Денеге сурет, татуаж салуға да рұқсат етілмейді. - Татуаж жасатуға тыйым салынған деп айта алмаймын. Бірақ дәрігер ретінде білерім, бұндай нәрселердің қаупі қатар жүреді. Ол адам қатерлі, жұқпалы ауруды жұқтырып алуы әбден мүмкін. Сондықтан дәрігерлер қауіптің алдын алу үшін азаматтарды сақтандырып отырады. Егер денеден вирус табылса, қан тапсыра алмайды. Донорлар кез келген уақытта қан тапсыруы мүмкін. Осыдан үш-төрт жыл бұрын, нақты уақыты есімде қалмапты, кешкілік қан орталығынан хабарласып, ауыр жағдайдағы бір науқасқа қан керек екенін айтты. Дәрігердің айтқан уақытында орталыққа барып қан тапсырып кеттім, - дейді Абзал.
Абзалдың айтуынша, орталыққа өз еркімен келіп қан тапсыратындардың қатары сирек. - Қазір адамдардың көпшілігі жұмысбасты. Бұл істің пайдасы бар екенін білсе де орталыққа барып қан тапсыруға уақыт таппайды. Егер ниет қылса, бәріне үлгеруге болатынын айтқым келеді. Қазір мен ұлым Ерланды үгіттеп жүрмін. Бұл игі істің адамдар үшін пайдасы зор екенін әбден түсінген күні өз еркімен барады деп ойлаймын. Ал үйде әзірге зайыбым екеуіміз ғана қан тапсырып тұрамыз. Ол да дәрігер. Тұрақты донор болмаса да анда-санда қан орталығына барады. Өзім достарыммен бас қосқанда, ағайын-туыстар жиналғанда қан тапсырғанның қаншалықты сауапты іс екенін айтып жүремін. Бірақ донор екенімді ешкімге тіс жарған емеспін, - дейді Абзал. Біздің елімізде қан тапсырған адамға сол күні тамақтану үшін 500 теңге және бір күндік демалыс беріледі немесе сол күнді кезекті еңбек демалысына қосып алуға болады. Донор болуды азаматтық парыз деп түсінетін Абзал Нұрмаханұлы донорға берілетін бұндай аз қаржыға қанағат ететінін, қандай да бір көмекке мұқтаж емес екенін айтады. Кәмшат ҚОПАЕВА.