Доңыз тұмауымен күресуге дайындықтың бесінші фазасы жария етілді
НЬЮ-ЙОРК. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы доңыз тұмауымен күресуге әзірліктің деңгейін бесінші фазаға дейін көтерді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Дайындықтың алтыншы фазасы жаппай пандемия жағдайында жарияланады. «Ассошиейтед пресс» агенттігінің ақпараты бойынша, қазіргі сәтте АҚШ-та инфекция жұқтырғандардың саны 100-ге жақындады, олардың басым көпшілігі, яғни 51 адам - Нью-Йорк штатында тұрып жатыр. Сәрсенбі күні американдықтардың арасында аталмыш індеттен бірінші адамның көз жұмғаны мәлім болды. Техастық 2 жасар бүлдіршін вирустың құрбаны болды. Инфекция жұқтыру оқиғалары елдің 11 штатында тіркеліп отыр, бірақ федералды үкімет негізгі індет ошағы болып отырған Мексикамен арадағы шекараны жапқан жоқ. Ал Мексикада ауруды жұқтырғандардың саны, сәуірдің 29-ындағы жағдай бойынша, 2,5 мың адамға жетті.