«Доңыз тұмауының» әлемдік эпидемиясы басталды - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы
ВАШИНГТОН. Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы соңғы 40 жылда алғаш рет A (H1N1) тұмауының пандемиясын жария етті.
Бұл шара АҚШ, Азия, Еуропа және Австралия елдерінде аталған вирусты жұқтырғандардың көбеюіне байланысты қабылданып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Associated Press агенттігіне сілтеме жасап. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүше елдерге жолдаған мәлімдемесінде, тұмау пандемиясының деңгейі 5-шіден 6-шы деңгейге көтерілгенін хабарлап отыр. Бұл дегеніміз, аурудың әлемдік эпидемиясы басталды деген сөз. Бұл шешім БҰҰ-ның Денсаулық сақтау ұйымының шұғыл мәжілісінен кейін қабылданды. Естеріңізге сала кетейік, өткен тәуліктерде тек қана Еуропаның өзінде адамның A (H1N1) вирусты жұқтыруының 91 жаңа оқиғасы анықталды. Оның 75-і Ұлыбританияда, 8 - і Германияда, екі-екеуден ? Чехия мен Нидерландыда және бір-бірден - Ирландия, Румыния, Грекия және Исландияда тіркелген. Бұл туралы Аурудың алдын алу және бақылау жөніндегі еуропалық орталық хабарлап отыр. Оған қоса Қытайда 10 жаңа факті тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының маусымның 9-ындағы мәліметтері бойынша, әлемнің 73 елінде A (H1N1) вирусын жұқтырудың 26 мың 563 оқиғасы тіркелген, 140 адам аурудан қайтыс болған. АҚШ-тың денсаулық сақтау саласының өкіметі бұған дейінгі мәлімдемесінде, бәрі ойдағыдай жүрсе, вирус вакцинасы 2009 жылдың қазан айына қарай дайын болуы мүмкін екенін айтқан болатын.Бірақ та Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы шешіміне байланысты, дәрігерлердің препараттың сынағын тездетуге мәжбүр болатынын жоққа шығаруға болмайды.