Допинг дауына ілікпес үшін спортшыларымыз не істеуі керек

ауыр атлет
Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Олимпиада ойындарына баратын спортшыларымыз допинг дауына ілікпес үшін тек витамин және дәрі-дәрмек қолданғанда ғана сақ болмай, күнделікті тамақтану барысында да абайлағаны жөн. 

Бұл туралы Kazinform тілшісіне сұхбат берген Қазақстан Республикасының допингке қарсы ұлттық орталығының басшысы Майра Бақашева айтып берді.

«Олимпиада ойындары күн санап жақындап келеді. Спортшыларымыз басты додада басы допинг дауына ілікпес үшін қазірден сақтық танытуы керек. Допинг деген — тек қана күш беретін дәрі-дәрмек ішу емес, ол қалай болса солай тамақтанудан да болады. Қазіргі мәселенің бірі — спортшылардың допингпен ластанған тағам қоспаларын қолдануы. Біздің орталықтың мамандары әрқашан спортшылар мен жаттықтырушылар құрамын тағамдық қоспаларды қауіпсіз пайдаланудың маңызын басты назарда ұстауға шақырып келеді. Өнім өндірушілер мен сатушылар өз тұтынушысына өнімнің қауіпсіздігіне кепілдік беретініне қарамастан біз сол өнімдерді тексеру барысында ластанған, яғни олардың құрамында тыйым салынған заттар болатынын жиі көріп жүрміз. Сондықтан тағамдық қоспаны қолданар алдында құрамын, қаптамасын және өндіруші орынның бүкіл ақпаратын мұқият зерделеуді ұсынамыз», — дейді допингке қарсы ұлттық орталық басшысы.

Сонымен қатар Майра Бақашева спортшылардан допинг сынамасы қалай алынатынын да жасырмай айтты.

майра
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Спортшының сынамасындағы допингті анықтайтын талдауды ДДҚА аккредиттеген тәуелсіз зертханалар жүргізеді. Оң нәтиже анықталса, ҚазДҚҰО хабарлама алады, сынақтың оң нәтижесі туралы спортшы мен федерацияға хабарлайды және тыйым салынған заттың спортшының денесіне қалай түскенін анықтау үшін тергеу процесін бастайды. Бүкіл процестер халықаралық кодқа және халықаралық WADA стандарттарына сәйкес жүзеге асады», — деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.

Соңғы жаңалықтар