Допинг дауына іліккен Арман Оспанов сайысқа қайта шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыған дейін допинг дауына іліккен Арман Оспанов 20 мамыр күні сайысқа шығатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Допинг дауына іліккен Арман Оспанов сайысқа қайта шығады

Ол Санкт-Петербург (Ресей) қаласында АСВ 61 турнирінде 65 кг салмақ дәрежесінде Абдурахман Темировқа қарсы кездесу өткізбек.

Қарсыласы Абдурахман Темиров 10 жасынан бастап еркін күреспен айналысқан АСВ ұйымының спортшысы. Аралас жекпе-жектегі кәсіби рекорды - 9 жеңіс, 2 жеңіліс. Соңғы кездесуде 2016 жылдың тамыз  айында Мухамед Коковпен күш сынасып, жеңіліп қалған.

Ал отандасымыз Арман Оспанов 25 ақпан күні америкалық WSOF 35 турнирінде Брюс Митчеллге қарсы, 18 наурызда Стивен Родригеске қарсы кездесу өткізу керек болатын. Бірақ екі жекпе-жек те өткізілмей қалды. Оған басты себеп, допинг дауы. Оспанов соңғы жекпе-жегін 2015 жылы 17 қазанда  өткізген.