Допинг қабылдады деп айыпталған Қазақстанның әлем чемпионы толығымен ақталды
Допинг қабылдады деп айыпталған Қазақстанның жеңіл атлетикадан алғашқы әлем чемпионы Нору Джерутоның толығымен ақталғаны туралы шешім шықты, деп хабарлайды Кazinform.
«Сіздермен тамаша жаңалықпен бөліскіміз келеді. 2023 жылдың сәуірінде допинг қолданды деп айып тағылып, барлық жарыстардан шеттетілген клубымыздың спортшысы Тануи Нора Джерутодан барлық күдік алынды», - делінген Аltay athletics клубының әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Нора Джеруто – жеңіл атлетикадан 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Қазақстанның алғашқы әлем чемпионы. Ол жеке нәтиже бойынша 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден дүниежүзінде үздік үштікте.
27 жастағы Н.Джеруто Кения тумасы, Қазақстан азаматтығын 2018 жылы алған. 2022 жылы әлем чемпионатында жеңіске жетті.
Желаяққа допингке қатысты айып 2022 жылдың сәуірінде тағылған болатын.
Биылғы тамыз айында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек бұл мәселеге қатысты Кazinform-ға сұхбат беріп: «Нора Джеруто сырқаты салдарынан туындаған биологиялық паспортындағы өзгерістерді толық түсіндіретін медициналық құжаттар мен қорытындыны AIU комиссиясына ұсынды. AIU тергеуі әлі аяқталған жоқ, қазіргі уақытта Нора Джерутоға допинг қолдану туралы қорытынды шешім шықпады», - деп мәлім еткен еді.