Допингке қарсы күрестің әлемдік көшбасшылары Астанада жиналады

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы қарашада Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) маңызды жиындары өтеді. Атап айтқанда, елордада ұйымның Атқарушы комитеті мен Құрылтайшылар кеңесінің (Foundation Board) отырыстары ұйымдастырылады.

WADA
Фото: EADaily

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, халықаралық жиындарға допингке қарсы күрес саласының өкілдері, мемлекеттік органдардың, спорт ұйымдары мен ұлттық допингке қарсы құрылымдардың басшылары қатысады. Кездесулер барысында жаһандық допингке қарсы жүйені дамыту, таза спорт қағидаттарын нығайту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланады.

Күн тәртібінде Дүниежүзілік допингке қарсы кодексті іске асыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, білім беру және ғылыми бағдарламаларды дамыту, сондай-ақ допингке қарсы күрестің тиімділігін арттыру мәселелері қаралады.

Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастық кейінгі жылдары жаңа деңгейге көтерілді. 2025 жылғы қазанда агенттік президенті Витольд Банька Қазақстанға тарихи сапармен келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Сапар барысында Витольд Банька Қазақстанда спортты дамытуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында 2026 жылғы 22 наурызда өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен WADA президенті Витольд Банька қол қойды. Келісім допингке қарсы білім беруді дамытуға, допинг ережелерін бұзудың алдын алуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған.

Осылайша, мұндай жоғары деңгейдегі жиындардың Қазақстанда өтуі еліміз бен WADA арасындағы серіктестіктің жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді.

— Ұлттық допингке қарсы жүйені дамыту — Қазақстанның мемлекеттік спорт саясатының маңызды бағыттарының бірі. Халықаралық кездесулер ұлттық допингке қарсы ұйымдар мен әлемдік спорт құрылымдары арасындағы кәсіби тәжірибе алмасуға, өзара іс-қимылды нығайтуға және бірлескен бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жиындар Қазақстанда ғана емес, жалпы Орталық Азия өңірінде допингке қарсы күрес жүйесін жетілдіруге және таза спорт қағидаттарын ілгерілетуге ықпал етеді, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, WADA Құрылтайшылар кеңесі — агенттіктің жоғары басқару органы. Оның құрамына олимпиадалық қозғалыс пен мемлекеттік билік органдарының өкілдері кіреді. Кеңес ұйымның стратегиялық даму бағыттарын айқындап, халықаралық допингке қарсы саясатқа қатысты негізгі шешімдерді қабылдайды. Ал Атқарушы комитет агенттіктің қызметіне басшылық жасап, Құрылтайшылар кеңесінің айрықша құзыретіне кірмейтін басқарушылық шешімдерді қабылдайды.108edited 17:37