Допты хоккей: «Ақжайық» қарсыласын камбэкпен ұтты

ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден Ресейдің жоғары лигасында ойнайтын «Ақжайық» командасы «Жастар» стадионында «Волга-Черемшанмен» (Уляновск) екінші кездесуін өткізді.

Допты хоккей: «Ақжайық» қарсыласын камбэкпен ұтты
Фото: sc_akzhayik_07/sc_akzhayik_07

Кешегі матч айдын иелерінің айқын басымдығымен өтіп, Николай Шавалдиннің шәкірттері 17:4 есебімен жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы бәсеке әлдеқайда тартысты өтіп, бірінші таймда алдымен қонақтар есеп ашып, алда тұрды. Дегенмен өз шеберлігінің басым екенін көрсеткен оралдықтар таразы басын аудара біліп, қарсыласын 9:5 есебімен ұтты.

«Ақжайықтан» ресейлік шабуылшы Максим Пахомов пен команда капитаны Максим Өтебалиев үш-үштен гол соғып, жеңіске сүбелі үлестерін қосты. Тағы бір ресейлік Артем Лапшин қос голдың авторы атанса, Рауан Исалиев те құр кеткен жоқ.

Осы ойыннан кейін 39 ұпай жинаған батысқазақстандық клуб екінші топта әзірге бірінші орынға көтеріліп тұр.

«Ақжайық» келесі кездесулерін 26-27 қаңтарда Оралда «Локомотив» (Орынбор) командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» қатарынан тоғыз кездесуінде жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар