Допты хоккей: «Ақжайық» кезекті жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында «СКА-Уральский трубник-2» (Екатеринбург) командасын қабылдады.

Әп дегеннен-ақ Николай Шавалдиннің хоккейшілері ойын тізгінін өз қолдарына алып, қарсыластың қақпасына жиі қауіпті шауыл ұйымдастырумен болды.
Ресейлік сұрмерген Максим Пахомов 4 голдың авторы атанса, Нұрбол Бөкешов, тағы бір ресейлік Артем Лапшин қонақтардың қақпасына бір-бір доптан енгізді. Жалпы есеп 6:3, «Ақжайықтың» пайдасында.
Осылайша, өз тобында көш бастап келе жатқан оралдықтар ұпай санын 39-ға жеткізді. Ертең қос клуб екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» басты қарсыласын 10:4 есебімен ойсырата жеңгенін жазған болатынбыз.