Допты хоккей: «Ақжайық» орынборлық команданы 17:0 есебімен ойсырата ұтты

ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында Орынбордың «Локомотивімен» екінші кездесуін өткізді.

Ақжайық ХК
Фото: Ақжайық ХК

Николай Шавалдин жаттықтыратын оралдықтар кеше бірінші матчта 20:3 есебімен жеңген болатын.

Бұл жолы айдын иелері өз қақпасына доп жіберген жоқ – 17:0.

Максим Пахомов пен Рауан Исалиев бес-бестен гол соқса, команда капитаны Максим Өтебалиев хет-триктің авторы атанды. Нұрбол Бөкешов қарсылас команда қақпасына 2, Ершат Амангелдиев пен Самат Аманшин бір-бір доптан енгізді.

Осылайша, ұпай санын 45-ке жеткізген «Ақжайық» екінші топта көш бастап келеді.

Оралдықтар келесі ойындарын 3-4 ақпанда өз айдынында «Маяк» (Краснотурьинск) командасымен өткізеді. «Маяк» 40 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» өз тобында көш бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар