Допты хоккей: «Ақжайық» өз тобында екінші орынға көтерілді

ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында «Маяк» (Краснотурьинск) командасын екінші рет жеңді.

ақжайық
Фото: "Ақжайық" спорт клубы

Тартысты өткен ойынның бірінші таймы 3:3 есебімен тең аяқталды.

Есесіне екінші кезеңде Николай Шавалдиннің шәкірттері жауапсыз бес гол соқты.

Қорытынды есеп — 8:3, «Ақжайықтың» пайдасында.

Оралдықтардан ресейлік Максим Пахомов бұл жолы бір ғана рет көзге түсіп, осы маусымда он ойында соққан гол санын 32-ге жеткізді.

Тағы бір ресейлік Артем Лапшин мен Нұрбол Бөкешов 2 реттен қақпа кілтін тапса, сондай-ақ Ершат Амангелдиев, ресейлік Иван Захаров және команда капитаны Максим Өтебалиев бір-бір голдан енгізді.

«Маяктан» Антон Тихвинский, Александр Штеле, Никита Шорохов мергендік танытты.

Осы матчтан кейін 24 ұпай жинаған «Ақжайық» турнир кестесінде өз тобында екінші орынға көтерілді.

Батысқазақстандықтар келесі кездесулерін 22-23 қаңтарда Қазанда «Ак Барс-Динамо-2» командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдың «Ақжайығы» көш басындағы команданы тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.