Допты хоккей: «Ақжайық» сегіз жеңістен кейін қарсыласына есе жіберді

ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» кезекті матчын Краснотурьинскіде жергілікті «Маяк» командасымен өткізді.

допты хоккей
Фото: "Ақжайық" спорт клубы

Николай Шавалдин жаттықтыратын оралдықтар осыған дейін өз айдынындағы сегіз кездесуінің бәрінде жеңіске жетіп, өз тобында 54 ұпаймен көш бастап келе жатқан еді.

Үшінші сатыдағы «Маяк» – «Ақжайықтың» негізгі қарсыластарының бірі. Сондықтан да матч тартысты өтіп, 4:2 есебімен «Маяктың» пайдасына аяқталды.

Батысқазақстандықтардан екі допты да команданың сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов соқты.

Айдын иелерінен Константин Еловиков, Денис Мубинов, Андрей Глазер және Антон Тихвинский мергендік танытты.

Ертең қос клуб екінші бәсекесін өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» Оралдағы соңғы кездесуінде 11:3 есебімен жеңгенін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар