Допты хоккейден «Ақжайық» алғашқы кездесулерін сырт айдында өткізеді

ОРАЛ. KAZINFORM – Оралдың «Ақжайығы» допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста жаңа маусымды бастайды.

допты хоккей
Фото: sc_akzhayik_07

Оралдықтар екінші топта «Знамя-Удмуртия» (Воткинск), «Маяк» (Краснотурьинск), «Академия «Уральский трубник» (Первоуральск), «Волга-Черемшан» (Ульяновск), «Никельщик» (Верхний Уфалей), «Ак Барс-Динамо-2» (Қазан), «Локомотив» (Орынбор) командаларымен сынға түседі.

«Ақжайық» спорт клубының директоры Дамир Қалақовтың мәлім еткеніндей, биыл командаға танымал шабуылшы, Орал допты хоккейінің түлегі Рауан Исалиевқа қоса Павел Чебаков, Имран Қожахметов, Илья Глухов қосылды. Ресейлік легионерлерден клубтың сұрмергені Максим Пахомов пен Артем Лапшин қалды.

Команда бүгін сырт айдындағы матчтарын өткізу үшін аттанады.

«Ақжайық» 12-13 желтоқсанда Воткинскіде «Знамя-Удмуртия», содан кейін 16-17 желтоқсанда Краснотурьинскіде «Маяк» командасымен ойнайды.

«Дайындық жоспарға сай өтті. Екі ай бойы шағындау мұз айдынында жаттықтық. Үлкен айдында да екі-үш жаттығу өткізіп үлгердік. Биыл команда құрамының күшейтілгенін ескере отырып, бастапқы екі турда ұпайды барынша толық алуға тырысамыз. Воткинскіде көптен бері ұпай алып көрмеп едік, сол қолайсыз дәстүрді бұзуға күш саламыз. «Маяк» та осал қарсылас емес. Ең бастысы, барлық ойыншылардың денсаулығы жақсы, көңіл-күйлері де көтеріңкі», деді команданың бас бапкері, оралдық маман Николай Шавалдин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал допты хоккейінің түлегі Рауан Исалиевтің «Ақжайыққа» қайтып оралғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар