Допты хоккейден «Ақжайық» Ресей біріншілігінде жүлдеге таласа ала ма - бапкер
ОРАЛ. KAZINFORM – Оралдың «Ақжайығы» допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей біріншілігінде жүлдеге таласа ала ма? Осы жөнінде «Ақжайық» командасының бас бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Николай Шавалдин әңгімелеп берді.

- Николай Викторович, биылғы маусымда «Ақжайық» командасының қарқыны жақсы. Өз тобында көш бастаушылардың қатарында келеді. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
- Өткен маусыммен салыстырғанда, команда құрамы күшейтілді, ойыншылардың бір-бірімен түсіністігі арта түсті. Әсіресе, Рауан Исалиевтің Оралға оралуы айрықша серпін берді. Команданың басқа да көшбасшыларымен бірге биыл қарсыластарымызды көбірек қорғанысқа көшуге мәжбүрледік. Міне, соның нәтижесінде гол да көбейді. Мысалы, 20:3 сияқты ірі есептер тіркеліп жатыр. Өз тобымызда көш бастап, басқалардан күшіміз басым екендігін сезіне түстік.

- Ресей чемпионатының жоғары лигасында тұрақты өнер көрсететін «Ақжайықтың» жүлдеге ілікпегеніне көп болды. Биыл сол сең бұзыла ма?
- Біздің бірінші мақсатымыз да осы, жоғары лиганың финалдық кезеңіне жолдама алып, онда жүлдеге қол жеткізу еді. Қазірдің өзінде біз жолдамаға ие болдық. Жоғары лигада үш топ болса, соның әрқайсысынан төрт үздік команда финалдық ойындарда өнер көрсетеді. Финалдық кезеңнің қашан және қайда өтетіні топтық бәсекелер аяқталғаннан кейін белгілі болады.
- Допты хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының негізін «Ақжайық» ойыншылары құрайтыны белгілі. Биыл әлем чемпионаты өте ме? Құрамаға басқа кімдер алынады?
- Әлем чемпионаты наурыз айының аяғында Швецияда өтеді. Осыған дейін Қазақстан құрамасы өз тарихында алты рет қола жүлдегер атанса, бұл жолы да биік мақсат үдесінен шықсақ па дейміз. Командаға Норвегия чемпионатында «Рёа» клубында өнер көрсететін Орал допты хоккейінің түлегі Ескендір Нұғманов қосылады. Ұлттық құраманы Сергей Владимирович Ин-фа-линмен бірге мен жаттықтырамын.

- Әлем чемпионатына белгілі себептермен Ресей құрамасы қатыспайтыны белгілі. Швеция және Финляндия – өте мықты командалар. Ал Норвегия жөнінде не айтар едіңіз?
- Иә, негізгі қарсыластар қатарында Норвегия мен АҚШ-ты атаймыз. Бұлардың да деңгейі өсті. Бірқатар ойыншылары Швеция клубтарының намысын қорғап жүр. Осыдан-ақ біраз нәрсені аңғаруға болады.
- «Ақжайық» командасы 1976 жылы құрылғаны белгілі. Содан бері клуб өзінің бай дәстүрін жоғалтпай, нық сеніммен алға басып келеді. Алдағы уақытта осы қарқынды жалғастыратын кейінгі лек жөнінде не айтар едіңіз?
- Клубымызда Руслан Таухаев, Мүсілім Меңдіханов, Игорь Хорольский секілді болашағынан үміт күттіретін жастарымыз бар. Жаттығуға дұрыс қарап, тынбай жаттыға білсе, шебер ойыншыға айналатындай мүмкіндіктері бар. Бәрі өздеріне байланысты.
- Ескендір Нұғмановтың «Ақжайыққа» оралуы мүмкін бе?
- Есендірдің клубқа қайта оралуы жөнінде біз алдын ала сөйлестік. Өзінің де ниеті сондай. Келіп жатса, біз де қуана қарсы алар едік.

- Сіз өзіңіз де бұрынғы ойыншысыз. Спорттық жолыңызға тоқтала кетсеңіз.
- Орал қаласында туып-өскендіктен, допты хоккейге бет бұрып, мен де 1992-2012 жылдары «Ақжайықтың» намысын қорғадым. 2012-2015 жылдары айдында әрі ойыншы, әрі бапкер болдым. Сосын үш жыл екінші бапкер қызметін атқардым. Ал 2018 жылдан бері бас жаттықтырушымын. Қазақстан мен Қысқы Азиада чемпионымын. Ойыншы және бапкер есебінде әлем біріншілігіне қатыстым. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін.
- Осындай бай тәжірибеңіз бар екен. Шәкірттеріңізді жеңіске жігерлендіру қиынға түспейтін шығар?
- Командадағы барлық жігіт – кәсіпқой ойыншы, бәрі де тату, үнемі жеңіс үшін бел буып, айдынға тістерін қайрап шығады. Сондықтан оларды жігерлендіру оңай. Ел үшін, туған қаламыз үшін, жанкүйерлер үшін, өздері үшін жанын салып ойнайды. Әр матчқа тактика құрамыз да, алға дейміз.

- Соңғы сауал, допты хоккейдің Қазақстандағы болашағы қандай деп білесіз? Елімізде жоғары деңгейде өз чемпионатымызды өткізуге, спорттың осы түрін кеңінен дамытуға не кедергі?
- Допты хоккейден Қазақстан біріншілігі ұйымдастырылып келеді. Биыл 28 қаңтар – 1 ақпан аралығында Оралда өтеді. Тек еліміздің өзге өңірлерінде де допты хоккей біздегідей жолға қойылса екен дейміз. Сонда чемпионатта бәсекелестік арта түсер еді. Құрама да мықты болып, табысқа қол жеткізер еді. Допты хоккей – өте жылдам, тартымды да әдемі спорт түрі ғой. Сондықтан онымен айналысқан адамның арманы асқақ, дене бітімі мықты болады.
- Әңгімеңізге рақмет. «Ақжайық» пен Қазақстан құрамасының жүлделі орындардан көрінуіне тілектеспіз.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» допты хоккей клубының болашағы қалай болатынын жазған едік.
Сондай-ақ «Ақжайық» өз тобында көш бастады.