Допты хоккейден финал: «Ақжайық» тартысты матчта ұтылып қалды

ИРКУТСК. KAZINFORM — Иркутск қаласында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың финалдық турнирінде Оралдың «Ақжайығы» үшінші кездесуін «Кузбасс-2» (Кемерово) клубымен өткізді.

допты хоккей
Фото: "Ақжайық" спорт клубы

Тартысты өткен матч 5:4 есебімен аяқталып, «Ақжайық» бір доп айырмашылығымен ғана ұтылып қалды.

Оралдықтардан ресейлік сұрмерген Максим Пахомов, команда капитаны Максим Өтебалиев, Қуаныш Темірәлин, Нұрбол Бөкешов бір-бір доптан соқты.

Ресейлік командадан Руслан Гардашов, Никита Стасенко, Владислав Буркин, Дмитрий Амзин және Роман Лапин мергендік танытты.

Енді Б тобында Николай Шавалдиннің шәкірттері 10 наурызда «Строитель» (Сыктывкар) командасымен шеберлік байқасады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден финалдық турнирде «Ақжайықтың» екінші ойынында есе жібергенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар