19:55, 24 Желтоқсан 2017 | GMT +5
Допты хоккей: «Ақжайық» «Динамо-Қазан-2» командасымен екінші ойында да жеңіске жетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» «Динамо-Қазан-2» (Қазан) командасымен екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Стеновик» стадионында болған кездесу барысында айдын иелерінен Қуаныш Темірәлин, Андрей Гущин, Еламан Әліпқалиев қарсыластар қақпасына жауапсыз үш доп соғып, «Ақжайық» 3:0 есебімен жеңіске жетті. Кешегі кездесуде төрт голдың авторы атанған А.Гущин бұл жолы да айдыннан құр кетпеді.
Қазіргі кезде барлығы жеті команда бар екінші топта оралдықтар 6 ұпаймен соңғы орында келеді. Бірақ қарсыластарына қарағанда, Владимир Кожевниковтің шәкірттері бірнеше матчты кем өткізді.
«Ақжайық» 27-28 желтоқсан күндері екінші топта сегіз ойыннан кейін 21 ұпаймен көш басында келе жатқан «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасын қабылдайды.