Допты хоккей: «Ақжайық» финалдық турнирдегі барлық кездесулерінде жеңіліп қалды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Сыктывкар қаласында мәреге жеткен финалдық турнирде Оралдың «Ақжайығы» барлық кездесулерінде жеңіліп қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, оралдықтар бүгін соңғы ойында «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасынан 5:7 есебімен ұтылды. Бұл ойында «Ақжайықтан» Павел Чебаков қос доптың авторы атанса, Сергей Башаев, Сергей Гаврилов, команда капитаны Максим Өтебалиев бір-бірден гол соқты.
Аталмыш турнирде айдын иелері «Строитель» командасы барлық ойынында қарсыластарын тізе бүктіріп, 15 ұпаймен жеңімпаз атанды. 10 ұпай жинаған «Мурман» (Мурманск) екінші орынға көтерілсе, одан бір ғана ұпайы кем «Саяны» (Абакан) үшінші сатыға жайғасты. Бірде-бір ұпайға ие бола алмаған батысқазақстандықтар алты команданың ішінде соңғы орында қалып қойды.