Допты хоккей: «Ақжайық» ірі есеппен ұтылып қалды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Сыктывкар қаласында өтіп жатқан финалдық турнирде Оралдың «Ақжайығы» «Мурман» (Мурманск) клубымен айдынға шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, өкінішке қарай, ойын барысында «Мурман» айқын басымдылық көрсетіп, 7:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп оралдықтар қарсыласының қақпасына бір доп та соға алмай, пұшайман болды.
Кеше «Ақжайық» Краснотурьинскінің «Маягына» 3:5 есебімен есе жіберген болаты. Ал «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) пен «Мурман» командалары (3:3) тең тарқасса, айдын иелері «Строитель» «Саяны» (Абакан) командасын 5:4 есебімен тізе бүктірген еді.
Ресейдің суперлигасына жолдама беретін финалдық турнир одан әрі жалғасуда. Ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын оралдықтардың енді үш ойыны қалды.