Допты хоккей: «Ақжайық» кезекті ойында жеңіліп қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасындағы бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» кезекті ойынын Верхний Уфалейде жергілікті «Никельщикпен» өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Допты хоккей: «Ақжайық» кезекті ойында жеңіліп қалды

«Никельщик» биылғы маусымдағы өз айдынындағы алғашқы кездесуін қарқынды бастады.

Алдымен Герман Альгин ресейлік төреші белгілеген 12 метрлік айып добын сәтті орындаса, Дмитрий Шадрин есепті 2:0-ге жеткізді.

Орал допты хоккейінің түлегі Нұрбол Бөкешов есепті қысқартқанымен, Сергей Елфимов қайта ұзартты – 3:1. «Ақжайық» сапындағы ресейлік Сергей Башаев мергендігімен көзге түскенімен, Г.Альгин пенальтиден мүлт кеткен жоқ – 4:2.

Екінші тайм да алма-кезек шабуылмен өтті. 63-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін Антон Пономарев, сәлден кейін Евгений Мехоношин қонақтар қақпасын дәл көздеді – 6:2. Бұдан соң «Ақжайықтың» сұрмергені Максим Пахомовтың соққан голына айдын иелерінен Антон Оппенлендер жауап берді – 7:3. Оралдықтардан С.Башаев ойындағы соңғы голды енгізді – 4:7.

Осылайша Николай Шавалдиннің шәкірттері жаңа маусымда екінші рет жеңіліс тапты.

Ертең қос команда қарымта кездесуін өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» қарсыласын ірі есеппен ұтқанын жазған болатынбыз.