Допты хоккей: «Ақжайық» көш басындағы «Маякты» ұтты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында Краснотурьинскінің «Маяк» командасын қабылдап, 4:2 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 Допты хоккей: «Ақжайық» көш басындағы «Маякты» ұтты

Бұл ойында команда капитаны Максим Өтебалиев қос голдың авторы атанып, «Ақжайықты» алға жетеледі. Сондай-ақ ресейліктер Евгений Суковин мен Сергей Гаврилов қонақтар қақпасына бір-бір доптан енгізді.

Сөйтіп ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын оралдықтар екінші топта көш бастап келе жатқан команданы жеңіп, 25 ұпаймен бұрынғыша үшінші орында келеді.

Ертең қос команда Оралдағы екінші кездесуін өткізеді.

«Жоғары лигада әр топта алдыңғы үш орынды иеленген командалар финалдық сайыстарға жолдама алады. Биыл «Ақжайықтың» өз тобында алғашқы үштікке ілігуіне мүмкіндігі бар», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне «Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхы.